Азат Перуашевтің премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Смайыловқа «Нұрлы жол» кеденіндегі жағдай туралы үндеуі
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Ә.А.Смайыловқа
Құрметті Әлихан Асқанұлы !
16 тамызда кәсіпкерлердің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде маған келіп түскен өтініші бойынша Алматы облысындағы қазақ –қытай шекарасында орналасқан «Нұрлы жол» кеден бекетіне барып қайттым.
Сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары-кәсіпкерлер хабарлағандай, бекет алдында 50 шақырымға созылған 2,5 мың жүк көлігінің кезегі қалыптасқан, кейбір жүк көліктерінің кезекте тұрғанына 40 күннен асқан. Жүк көлігінің жүргізушілері жол полициясы қызметкерлерінің ішінде «көмектесіп» жіберетіндер туралы айтты, кезектен бұрын өткізуге «көмектескені» үшін олардың заңсыз «бағасы» 1-3 мың АҚШ долларын құрайды.
Аудан әкімшілігі мен кеден бекетінің басшыларымен кездесу барысында олар мәселені шешуге тырысқанымен, коронавируске байланысты Қытай жағының шектеулері, отандық бақылау органдарының іс- қимылы, оның ішінде жол полициясы мен көлік бақылауы қызметінің, жүк көлігі жүргізушілерінің орынды ашулары сынды көптеген мәселелер қордаланып қалғаны анықталды.
Қордаланған бірнеше мәселе үкімет деңгейінде шешуді қажет етеді. Оның ішінде:
- Қытай жағымен қосымша өткізу бекеттерін ашу жөнінде келісімдерге қол жеткізу (алдымен Қалжат, сондай-ақ, Бақты және Майқапшағай бекеттері), Қытай жағынан тауарларды қоймаларға жеткізуді жылдамдату;
- Қытай жағынан «Евро-Транзит» аумағына (осы СВХ күшімен) жүкті бірмезгілде тасымалдауды және оларды жүк көліктеріне тиеп Қытай жағына кірместен ұйымдастыруды;
- ҚТЖ және МЦПС мүмкіндіктерін іске қосу (Құрғақ айлағы, Достық);
- «Нұрлы жол» бекеті жұмысының ашықтығы үшін электрондық кезек енгізуді.
Кәсіпкерлер «көмектесіп» жіберетіндердің заңсыз әрекетін тыюға ерекше назар аударуды сұрайды. Жүк көлігі жүргізушілерінің айтуы бойынша күніне қытай жағына кезекте тұрған 50 жүк көліктің ішінен 5-10 көлік қана өтеді, ал қалғандарын жол полиция қызметкерлері кезектен тыс өткізеді.
Жүргізушілер, кезектен тыс жіберілетіндер арасында аудан әкімінің жанындағы штаб бекіткен (жылдам бұзылатын тауарлар, құрылысы салынып жатқан отандық кәсіпорындар үшін кіретін жүк тартқыштар) басты жүк тауарлары болуы мүмкін дейді, сонымен бірге, олар жемқорлық туралы да айтады. Олар басқалар кезегін 40 күн күтіп тұрғанда, кезексіз аптасына екі рет өтетін жүк көліктерінің нөмерлерін берді.
Кәсіпкерлер жергілікті ЖП қызметкерлеріне сенім білдірмейді және тәртіп орнату үшін басқа бөлімшелерді жіберуді сұрайды. Олардың айтуы бойынша, бұрын облыстан келген ішкі қауіпсіздік қызметкерлерінің өздері жемқорлық тізбегіне қосылған.
СЭҚ қатысушылары қалыптасқан жағдайға байланысты карантиндік аумақтан Алматыға дейін жүк көлігін жалдау (фрахт) бағасының күрт өскенін, ол 3-4 мың доллардан 12-15 мың долларға жеткенін, Алматы базарларында халық жаппай қолданатын тауарлар, оның ішінде, балалар киім-кешегінің бағасы едәуір өскенін, әсіресе, оқу жылы, күзгі сауда маусымы басында халыққа ауыр тиетінін атап өтеді.
Шекарадағы мұндай кептелістер үшін қытайдың тауар жіберушілері емес, онсыз да табысы азайған ел азаматтары зардап шегетінін көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, құрметті Әлихан Асқанұлы, «Ақ жол» депутаттары фракциясының атынан Сізден тиісті ведомстволарға (ҚР Сыртқы істер министрлігіне, ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Қаржы министрлігіне, «ҚТЖ» ҰК» АҚ) қалыптасқан ахуалды шұғыл шешуге тапсырма беруді сұраймын.
Құрметпен,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының басшысы
А.Перуашев