21
Қазан

Азат Перуашев бизнесті қудалауды тоқтатуды талап етті

«Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі, 21 қазан 2021 ж.

«Ақ жол» ҚДП депутаттары Үкіметтен, прокуратурадан және соттардан фискалдық органдардың бизнеске қысымын, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды банкротқа ұшыратуды, кәсіпкерлерді қорқытуды және оларға қатысты қылмыстық істерді тоқтатуды сұрайды. Бұл туралы партия басшысы Азат Перуашев кешегі Мәжіліс отырысында мәлімдеді.

Парламенттің төменгі палатасының 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылауы барысында «Ақ жол» фракциясының жетекшісі трансферттерді есепке алмағанда, 2024 жылға дейін бюджет кірістерін салық түсімдері есебінен шамамен 97%-ға жеткізуді қамтамасыз ету жоспарланғанына назар аударды.

«Түсімдерді ұлғайту, негізінен, «жақсарту» есебінен, нақты айтатын болсақ - салықтық әкімшілендіруді қатаңдату есебінен жоспарланып отыр.

Іс жүзінде бұл көбінесе адал бизнеске қайта салық салуға әкеледі. Соңғы жылдары «Ақ жол» фракциясы депутаттарының поштасына кәсіпкерлердің соттардың салғырттығы кезінде өз өкілеттіктерін салықшылардың өз еркінше түсіндіруі туралы осындай өтініштері күн сайын келіп түсуде», - деді жетекші.

«Фискалдық органдардың бизнеске шамадан тыс қысымы, шоттарға тыйым салу, кеше ғана сәтті жұмыс істеп жүрген кәсіпорындарды банкроттыққа жеткізу, кәсіпкерлерді қорқыту және оларға қатысты қылмыстық істер бүгінгі күннің өзінде іскерлік жағдайға қауіп төндіреді.

Бизнес тек инвестиция үшін ғана емес, кәсіпкерлердің бостандығы мен денсаулығы үшін де қауіпті кәсіпке айналуда. Ал мемлекеттік органдардың бұл тәжірибені қатаңдату ниеті елеулі алаңдаушылық туғызады» - деді А. Перуашев.

«Біз Үкіметтен, прокуратура органдарынан, әсіресе сот инстанцияларынан мұндай қауіптерді сөзбен емес, іс жүзіндегі қадамдармен сейілтіп, керісінше екенін дәлелдеуді сұраймыз», - деп сабақтады өз ойын Мәжіліс депутаты.