13 қаңтар 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Ақтөбе облысы бойынша «Даму» қоры аймақтық филиалының ұжымымен дөңгелек үстелде бас қосты. Шара барысында депутат мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары туралы ақпараттармен таныстырды.
Дания Мәдиқызының мәлімдеуінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады.
Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтелетіндігін мәлімдеді.
Қоғамда талқылауға түсіп тұрған тағы бір заң жобасы мұғалім мәртебесі. Заң жобасының басты ерекшелігі - ол педагогтардың құқықтарын кеңейтуге, оларды өзіне тән емес қызметтен босатуға, жүктемені азайтуға, мұғалім мамандығына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған әрі жұмыс істейтін мұғалімдердің материалдық тұрғыда ынталандыру тетіктерін, сондай-ақ жастарды педагог мамандығына тарту мәселелерін қарастыратындығын талқылады.
Сонымен қатар, партия құрамына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өткізіліп,фракция депутаты 3 азаматқа партия билетін табыстады.