13
Қантар

Депутат Екатерина Никитинская Маңғыстау өңіріндегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты

13 қаңтар 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы

 «Ақ жол» партиясының депутаты Екатерина Никитинская Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында "Ақтау Агро" кәсіпорнында болып, фирма құрылысын аяқтауға тұсау болып отырған бірқатар мәселелерін назарға алды. Түпқараған ауданы аумағында орналасқан құс фабрикасының құрылысы 2017 жылы басталған. Жалпы жоба құны 5 млрд теңгені құрайды. Негізі фабрика 4 цехтан тұрады. Олар, жем сақтау қоймасы, инкубатор цехы, құс өсіру ғимараты және сою цехы. Қазіргі таңда аталған цехтардың ғимараттары бой көтерген және жартылай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алайда, бүгінгі таңда құс етін өндіруді жолға қойған фабриканың құрылысы тоқтап тұр.

            Фабрикадағы кездесу барысында депутат елімізде бизнестің дамуына барынша жағдай жасалғанын, ауыл шаруашылық өнімдеріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау білдірілгені жайында атап өтті.

            Мұнан соң Мәжіліс депутаты «Қазақ бекіре» зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған кәсіпорын 2014 жылы ғана іске қосылған. Жылына 30 тонна бекіре балығын өндіруде.  Қазір сүйрік, ақсерке, орыс және сібір бекірелерін арнайы хауыздарда бағып отыр.

Сонымен қатар, депутат «Актау Center Stroy» ЖШС-нің басшысы Ильхам Абдуллаевпен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

            Мұнан соң партияның Маңғыстау облыстық филиалы кеңсесінде қоғамдық қабылдау өткізіп,  жиналған көпшіліктің көкейкесті сауалдары мен өтініштерін тыңдады. Шара соңында «Ақ жол» партиясы әзірлеген Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған «Еңбегім еліме» төсбелгісін өңірде маслихат депутаты болған  9 азаматқа табыстады.