18
Ақпан

Депутаттардың оңтүстік өңірдегі сапары Шардара ауданымен түйінделді

18 ақпан 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалы

Түркістан облысындағы сапарында Азат Перуашев пен Қазыбек Иса Шардаралық тұрғындармен кездесті. 

Кездесу барысында Қаңтар оқиғасынан бастап, аудандағы  шешілмеген мәселелерге дейін сөз болды.  

Алматыдағы СИЗО-18-ден «Ақ жол» депутаттарының Бас прокурорға өтініші бойынша жараланып, қамауға алынған Сүндет Түрікпенбай босатылды. Тергеу барысында Сүндеттің заң бұзушылыққа ешқандай қатысы жоқтығы дәлелденіп, қазіргі таңда  ол үйінде емделіп жатыр. Жас жігіттің жақындары ұлына көмектескен Қазыбек Жарылқасынұлына және бүкіл «Ақ жол» фракциясына алғыстарын білдірді.

  • Толқып тұрмын. Сіздерді келеді дегенді естіп, осында ұшып келдім. Орта білімнен басқа білім алмағанмын. Басымызға осындай іс түскенде қайда барамын деп ойладым. Жеңгемнің көмегімен, “Ақ жолдық” депутаттарға байланысқа шығып өтініш айттық. Балам жаралы болғанымен, бастысы жанымызда. Көмек бергендеріңізге шын жүрекпен алғыс білдіремін, - деді Сүндеттің анасы Гүлшат Қамысбаева.

  Жиында бұдан бөлек, Шардаралық шаруалар:

  • су тарифын тұрақтандыру;
  • тыңайтқыш мен дизельдік отын бағасын арзандату;
  • шалғайлық пен логистика мәселесі;
  • сойылған мал терісі мен жүнін пайдаға асыруды реттеуді сұрады.  

Сондай-ақ терілерді бастапқы өңдеуге, сақтауға және одан әрі өткізуге арналған қымбат емес құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы айтты. Әзірше бұл шикізаттың орасан көп мөлшері шіріп, қоқысқа тасталып, қоршаған ортаны ластауда.

Азат Перуашев бұл мәселені «Ақ жол» партиясыны депутаты Ерлан Барлыбаев басқаратын Мәжілістің аграрлық комитетінде көтеруге уәде берді.

Шардара - ақын, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның туған жері. Кездесу соңында «Ақжолдық» депутат Қазыбек Исаға былтыр берілген облыстың құрметті азаматы атағы ресми хабарланып, «құрметті азаматы» белгісі табысталды.