01
Ақпан

"ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" жалпыұлттық байқауының екінші кезеңі мәресіне жетті

https://t.me/peruash/1266

«Ақ жол» ХДП дәстүрлі түрде ұйымдастыратын «ХХІ ғасырдағы АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» жалпыұлттық байқауының екінші кезеңі өз мәресіне жетті. Алаш идеясы мен мұрасын насихаттауға және қазіргі қоғам контексінде саралауға арналған сайыста 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам үміткердің ішінен үш номинация бойынша іріктелген 29 талапкер бақ сынап, олардың 9-ы ақтық кезеңге жолдама алды.
Жас зерттеушілер ұсынған еңбектерді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы төрағалық еткен, құрамында “Алаш” мәдени және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, осы институттың аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер болған қазылар алқасы бағалады.
Қызу пікірсайыстың нәтижесінде Байқаудың ақтық кезеңіне “Қазақ республикасының 100 жылдығы: Алаш автономиясының Қазақ (Қырғыз) АССР-не ұласуы” номинациясы бойынша –  Нұрлыбек Бағыт (Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті), Анастасия Семак (Қарағанды қаласы, №25 орта мектептің мұғалімі), Айгерім Нұржанқызы (Шығыс Қазақстан облысы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті), “Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы: Ұлы ақын шығармашылығын насихаттаудағы Алаш қайраткерлерінің рөлі” номинациясы бойынша – Гүлжанат Оразбекқызы (Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, №7 мектеп-лицейінің мұғалімі), Әзімхан Исабек (Шымкент қаласы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылыми қызметкері), Сұлтан Мұрзақанов (Алматы қаласы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының курсанты), “Алаш қозғалысы тарихындағы "ақтаңдақтар" номинациясы бойынша – Рамазан Әбілдос (Алматы қаласы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті), Данияр Ихсан (Қостанай облысы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің магистранты), Ерден Нұрахмет (Ақмола облысы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті) жіберілді. Басқа қатысушылар қаржылай сертификаттармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Таяу уақытта "ХХІ ғасырдағы АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ" жалпыұлттық байқауының ақтық сыны өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталатын болады.