06
Қантар

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты

6 қаңтар 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

         «Ақ жол» партиясының депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысына жасаған сапары барысында жеке кәсіп иесі Болат Әбдірахмановтың шаруа қожалығында болып, кәсіпкердің шаруашылығын кеңейтуге тұсау болып отырған бірқатар мәселелерді назарға алды.   

«Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалының хабарлауынша, Атамекен елдімекенінде орналасқан аталған шаруашылық 2011 жылдан бері ел экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде күніне 4 мың литрге жуық сүт өндіретін кәсіпкер мал өнімдерін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр. Сүт өндірісін жолға қойған шаруа қожалығында 20 орындық сауын залы, 7 миллион теңге сомасына алынған сүтті салқындатқыш, Түркияда шығарылған малды байлап бағуға арналған қондырғылары орнатылған. Шаруа қожалық басшысының айтуынша, жазғы уақытта әрбір сиырдан күніне 20 литрге дейін, қыс мезгілінде 18 литрге дейін сүт өндіреді. Жалпы жоба құны 480 миллион теңгеге бағаланған қожалық алдағы уақытта мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді кеңейтуді жоспарлаған. Бұл үшін ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды да қолданып үлгерген.

Алайда, шаруаның басқан қадамына тұсау салған бірқатар кедергілер бар көрінеді. Кездесу барысында шаруа қожалығының иесі Болат Әбдірахманов Мәжіліс депутатына жер мәселесі бойынша бірнеше жылдардан бері түйіні шешілмей келе жатқан өткір мәселелердің барын алға тартты. Әкімдікке бірнеше мәрте хат жазғанымен жер мәселесі әлі де болса шешімін таппай келеді. Мәжіліс депутаты аталған жайды өзінің қатаң бақылауына алатынын жеткізіп, бірден тиісті органдарға өз атынан хаттар жазылатынын хабарлады.    

Қожалық жетекшісі халық қалаулысының өндіріс орнына келгеніне ризашылығын білдіріп, шаруашылықтың алдағы уақытта ет-сүт өнімдерін өңдеуді сату нарығын кеңейту туралы жоспарларымен бөлісті.

Мұнан соң депутат Бурабай ауданында болып, бірнеше өндіріс орындарына ат басын бұрды. Халық қалаулысы ең алдымен Жасыл елдімекенінде орналасқан «Бурабай Сыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, сүт өнімдерін шығаратын зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған кәсіпорын цехы былтырғы жылы ғана іске қосылса да, тәулігіне екі тонна таза өнім өндіруде. Төрт адамды жұмыспен қамтыған өндіріс орны жұмысшылары 100 мың теңге көлемінде жалақымен қамтылғанын атап өтті.

            Кәсіпорындағы кездесу барысында депутат еліміздегі бизнестің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалғанын, ауыл шаруашылық өнімдеріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау білдірілгені жайында атап өтті. Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы халық қалаулысының өндіріс орнына келгеніне ризашылығын білдіріп, кәсіпорынның алдағы уақытта сүт өнімдерін сату нарығын кеңейту туралы жоспарларымен бөлісті.