24
Ақпан

Мәжіліс депутаты Ғани Хамзин Павлодар облысының Малайсары ауылында болды

24 ақпан 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалы

«Ақ жол» фрациясының депутаты Ғани Хамзин, «Ақ жол» партиясынан сайланған Ақсу қалалық мәслихат депутаты Ринат Ақанов, Май аудандық мәлихат депутаты Ернұр Қожабековпен бірге Май ауданы, Малайсары ауылына барды.

Делегация асыл тұқымды мал өсіретін, ірі қара басын көбейтетін облыстағы мал шаруашылығының жұмысымен танысты. Кездесуде мал шаруашылығына арналған субсидиялар сөз болды.

  • «Бізде жалпы субсидиялаудың стратегиялық жобалары жоқ. Алдымен ауыл шаруашылығына инвестиция салады, ал ережелер өзгергеннен кейін инвесторлардың мүдделері де өзгереді. Ірі қараны бағып отырған біз сияқты шаруалардың проблемалары жетерлік», - деді шаруашылық басшысы.

Мұнан соң депутаттар "Ақ жол" партиясынан сайланған Малайсары ауылының әкімі Қуаныш Нұрғожинмен бірге ауыл тұрғындарымен жүздесті.

Кездесуде тұрғында кенттегі бірқатар өзекті мәселерді айтты. Олар:

  • мал қорымының толып кетуі;
  • ауыз судың тұзды болуынан ішуге жарамсыз болуы;
  • Жоғарыда аталған мәселелер халық денсаулығына қауіпті. Тұзды су теріні құрғатып әртүрлі тері ауруларының себебі пайда болуда. Оны емдейтін мамандар ауыл аурухана былай тұрсын аудандық емдеу мекемелерінде тапшы. Біз қалаға сабылуға мәжбүрміз. Суды тұшыту үшін құрылғы орнатылды, бірақ ол сүзу көлемін еңсере алмай тұр. Қуатты құрылғының орнына мемлекет қаражатын тиімсіз пайдаланды, -  деп ашынды тұрғындар.

Сондай-ақ ауыл халқы кенттің ядролық полигон салдарының орташа тәуекел дәрежесі бар аумаққа жататындығын тілге тиек етіп, тұрғындардың зейнетке шығуы кезінде "бір жарым жылға" есептеу құқығы берілуі тиіс. Ал бұл ауылға жастарды тартуға көмектесер еді дейді.  

  • Кенттегі жұмыс істеп тұрған негізгі объектілері: Мәдениет үйі, әкімдік, мектеп, аурухана. Ауылдағы мұғалім мен дәрігерлерден басқа бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін аула сыпырушы, от жағушы мен еден жуушы қызметкерлерінің жалақысының төмендігі (60 мың теңге) айтылды. Егер қызметкерлер осы мәселені көтере бастаса, басшылық жұмыстан босатамыз деп қысым жасайды, - дейді жұмысшылар.

Сонымен бірге білім беру саласында 30 жылдан астам жұмыс істеген мұғалімдер үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы ұсыныстарында жеткізді.

  • Өткен жылы "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, балаларға арналған интернат құрылды. Сол кезде тұрғындар бұл құрылысқа қарсы шықты, бірақ біздің пікірді ескермеді. Қазір сол интернат бос тұр. Мұндай қомақты ақшаны не үшін босқа жұмсады? Неліктен шешім қабылдау кезінде халық үніне құлақ аспайды? Осыған жұмсалған қаржыны жоғарыда аталған мәселерді шешуге бар еді", - дейді  ауыл тұрғыны.

Күн тәртібінде ауылдағы бизнесті несиелеу мен несие пайыздарына қатысты мәселелер де болды. Бірқатар ұсыныстар да берілді. Соның бірі -  жан басына қаржыландыру бағдарламасына ат спортын қосу, онымен кенттегі балалар мен жастар белсенді түрде айналысады. Олар осы спорт түрінен жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Депутат Ғани Хамзин ауылдағы барлық проблемалар бойынша жазбаша ұсыныс берулерін сұрады. Бұл мәселелерге мұқият талдау жүргізілу керектігін түсіндіріп, «Ақ жол» фракциясының алдағы жұмысында қаралатынын айтты.