16
Желтоқсан

Маңғыстау облыстық үгіт-насихат тобының жастары Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті

16 желтоқсан 2020 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы

«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай  "Тәуелсіздік - тәңір берген тәтті сый" атты іс-шара өткізді.

Алтайдан Атырауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата – бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған.

Партияның Маңғыстау облыстық филиалы жанынан құрылған «Ақ жол-жастар» жастар қанатының жастары Желтоқсан оқиғасының күрескерлерімен кездесті.

Жиынға желтоқсан оқиғасының батырлары Нұртілеу Жұматов, Қалабай Сахиев, Жақып Қосбергенов, Бақыт Абишев жастарға 1986 жылы елім деген боздақтардың батырлығы мен қайсарлығын әңгімелеп берді.   

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің төл құрдастары «Ақ жол» партиясы Маңғыстау облыстық филиалынан Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Мақсат Мұқаш пен Ақтау қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Наурызбек Каримбаев жастар үшін мұндай кездесулердің маңызды екенін айтып, егеменді ел болу жолында күрескен желтоқсаншы ағаларға ризашылықтарын жеткізді.

Мұнан соң «Ақ жол-жастар» жастар қанатының әуесқой әртістері "Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы" атты бейнекөрініс пен "Желтоқсан оқиғасы" атты қойылымын сахналап, «Желтоқсан желі» әнін орындады.

Кездесу соңында филиал төрағасы Жаңбырбай Матаев жастарға рухани әңгіме мен ұлттық мүдденің жауапкершілігін түсіндірген  желтоқсаншы батырларға алғысын айтты.