10
Желтоқсан

Маңғыстау жастары үгіт-насихат науқанын «Алаштан» бастады

10 желтоқсан 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы


«Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының әуесқой әртістері, Алаш идеялары мен мұратын көздеген, ағартушылық ісін қолға алып, бастарын қатерге тіккен және батыр бабаларының салған сара жолынан айнымаған, сол үшін ауызбен айтып жеткізе алмайтын ауыр жазаларды бастан кешкен жастардың қайсарлығы мен есімдерін ұмыттырмай, жасөспірімдерге насихаттау мақсатында, «Қыршын» атты тарихи драмалық қойылымын сахналады.


«Ұл боп тудым, Ер боп өлсем құрбаны боп елімнің», - деген жас Алаш құрбандарының рухына арналған шығарма авторы драматург, ұстаз Өтен Ахмет, спектакльдің режиссері Ғазиза Бақтиярқызы.

Спектаклге, партияның Маңғыстау облысы бойынша мәслихат депутаттығана түсетін кандидаттар және олардың сенімді өкілдері, "Ақ жол-жастар" ЖҚ мүшелері, ата-аналар мен Ақтау қаласының тұрғындары қатысты.

Елдің қамын ойлап, жастарға білімнің шамшырағын маздатып жаққан Алаш арыстары Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Сұлтанамахмұт Торайғырұлының жалын шашқан уытты өлеңдері, тағылымды сөздері сол кездегі жастарды жақсы-жаманды ажырата білуге қалай үйретсе, ізгілікке қалай тәрбиелесе, бүгінгі жастар үшін де сондай терең мәні бар.

Қуғындау мен жалған жала, жағымпаздық пен асыра сілтеушілік көпшілік көзіне жас алдырып, көңілін босатпай қоймады.

Бұл тарихи драманы жастар өзінің қызығушылығымен, әуесқойлығымен және табиғи дарындылығымен сомдаса, келген көрермен бір деммен қарап, тарихпен сусындады.

Спектакль соңында "Ақ жол" партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы  Жаңбырбай Жәнібекұлы "Ақ жол-жастар" жастар қанатына ризашылығын білдіріп, келген көрермендерге алғысын айтты.