ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев аймақтарға сапары аясында «Келешек-кемел біліммен» тақырыбында Қызылорда қаласының белсенді студент жастарымен кездесті
8 сәуір 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев аймақтарға сапары аясында «Келешек-кемел біліммен» тақырыбында Қызылорда қаласының белсенді студент жастарымен кездесті.
Кездесу барысында депутат Елбасымыздың жолдауындағы білім саласына қатысты көрсетілген басым бағыттарды түсіндіріп, оның маңыздылығына аса көңіл бөлді. Сондай-ақ, жиналған жастарды білім саласында атқарылып жатқан соңғы жұмыстармен таныстырып өтті. Қазіргі таңда ЖОО мен өндірістік мекемелердің арасында байланыстың болмай отырғандығы мен сапасыз ЖОО санының көптігіне тоқтала келе, оның шешу жолдарын жеке-жеке жіктеп берді.
Жастар өз кезегінде, егер де әр аймақта бір мемлекеттік және жекеменшік ЖОО ғана қалатын болса, қаншама студенттердің болашағына балта шабылатындығына алаңдайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, кездесу барысында жастар арасында белең алып отырған суицидтің алдын-алу, оны болдырмау мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау; өз кәсібін ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан берілетін көмекті жеңілдету мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Кездесу барысында әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұзарту мәселесі де сөз болды.
Кездесу соңында Алмас Тұртаев барлық қойылған сұрақтарға жауап беріп, кездесуге белсенді қатысқан жастарға ризашылығын білдірді. Көтерілген проблемаларды және айтылған ұсыныстарды «Ақ жол» ҚДП фракциясы отырысында талқыға салуға уәде берді.
Депутат кездесу соңында, сайлаушыларды «Ақ жол» парламенттiк фракциясы сайлауалды тұғырнамасын орындау және жастардың мүдделерін қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыра береді деп сендірді.