05
Сәуір

Санат жоқ 05.04.2013

«Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі А.Ұ.Тұртаев аймақтарға сапары аясында ОҚО-да Экология департаменті ұжымымен кездесуге қатысты

5 сәуір 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол»  демократиялық партиясының баспасөз қызметі
 
 «Ақ жол» фракциясының мүшесі  Алмас  Тұртаев  ОҚО бойынша  Экология  департаментінің ұжымымен кездесті. Жиынды экология департаментің басшысы  Б. Мейірбеков жүргізіп отырды. Алмас Тұртаев парламентте қабылданып жатқан заңдар турасында сайлаушылар мен ой бөлісті.
Ұжым мүшелері өздерін мазалап жүрген мәселелер бойынша пікір айтты. Ә.Балтабаев оқу бітірген жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білмейтіндіктерін, сондықтан өндірістік орындарда көбірек тәжірибе сабақтарын өткізу дұрыс деп есептейтіндігін айтты. Экологиялық Департаментте зертханада жұмыс істейтіндігін, қызметтік міндеттеріне байланысты улы химикаттармен көп жұмыс істейтін А.Сағынбекова, жасы ұлғайған сайын денсаулығының да сыр бере бастағанын айтып өтіп, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдағы әйелдердің жасын 63-ке дейін ұлғайтуға қарсы екендігін білдірді. С.Әжібекова 47 000 теңге жалақы алатындығын, оның өзі коммуналдық қызметке төлеуге ғана жететіндігін, сондықтан амал жоқтықтан банктерден жоғары пайызда несие-қарыз алуға мәжбүр болатындығын айтты. Қарапайым халықтың көбісі осылай күн көріп отыр, сондықтан коммуналдық қызметтер ақысын және банктердің несие беру пайызын төмендету жөніндегі халық үнін Парламентке жеткізуге өтініш білдірді. А.Мұқан жас босанған әйелдер мен ауылдағы көп балалы отбасылардың тұрмыстық жағдайларының төмендігін айта келіп, бала күтімінде отырған және көп балалы аналарға берілетін әлеуметтік көмекті жақсартуды сұрап Үкіметке сауал жолдауы сұрады.
Жиын соңында депутат сайлаушыларға көтеріп отырған мәселелерді ҚР Үкіметіне жеткізуге уәде берді.
Мәжіліс депутатының жұмыс кестесіне сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыстары жалғасуда.