22
Қантар

Санат жоқ 22.01.2014

«Ақ жол» банкроттық туралы заң жобасын Президенттің тапсырмаларына сәйкес пысықтап, түзеу үшін қайтару және фракцияның жеке тұлғалар және ШОБ-тің банкроттығы жөніндегі ұсыныстарын қосуын талап етеді

22 қаңтар  2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасын Президенттің тапсырмаларына сәйкес пысықтап, түзеу үшін қайтару және фракцияның жеке тұлғалар және ШОБ-тің банкроттығы жөніндегі ұсыныстарын қосуын талап етеді - бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында Алмас Тұртаев мәлімдеді. «Ақ жол» фракциясының атынан Премьер-Министр С.Ахметовке жолданған депутаттық сауалда мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауынан  туындайтын шағын және орта бизнесті оңалту және банкроттық тетіктерін құру жөніндегі  тапсырмаларды жүзеге асыру жайында әңгіме болады.
Еске сала кетсек, өткен жылдың аяғында Мәжіліс «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң жобасын қарау барысында «Ақ жол» партиясы депутаттарының жеке тұлғалардың, оған сондай-ақ жеке кәсіпкерлер де жатады, банкроттығы туралы бөлім қосу ұсынысын Үкімет қолдамаған еді. Сонда «Ақ жол» ҚДП фракциясы өз күшімен «Жеке тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлейтіні туралы мәлімдеген болатын.
Анықтама үшін. Жеке тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы институты шет елдерде кең таралған.
Мысалы Германияда 1994 жылдың басынан бастап күшіне енген банкроттық туралы заңында, жеке тұлғалар банкроттығына арнайы бөлім арналған.
АҚШ-та соңғы жылдары 1-2 миллионға жуық адам өздерін банкрот деп жариялады. Ондағы соттарда қаралып жатқан барлық істердің 96% американдықтардың банктен жаппай  несие алып дәрменсiз халге түсуіне байланысты істер. Бұл мемлекетте жеке  тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы заң қолданыста.
Ресей Федерациясында «Дәрменсіздік (банкроттық) туралы» Федералды заңға өзгерістер енгізу туралы» Заңы мен жеке тұлғалардың банкроттығы мәселесін реттейтін заң актілері қабылданған.
«Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығын енгізген жағдайда, несиені төлей алмаған тұлғалар мүлігінен айырылған жағдайдың өзінде көшедегі «қаңғыбастарға» айналдырмай, бастарына баспана беріп, жатаханада бөлме жалдап, балаларды азық-түлікпен қамтамасыз етсе. Бұл біздің адамдар, біздің елдің азаматтары ғой», - дейді «ақжолдықтар». Бұдан басқа, мәселеленің басқа жағы да атап көрсетілді. Кеден одағы және ЕЭК аясында біз тауарлардың, капиталдың және еңбектің ерікті қозғалуына уағдаластық бар.
«Бұл дегеніміз, егер Ресейде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданыста болса, біздің кәсіпкерлікпен айналысқысы келген азаматтар Ресей банктерінен несие алып, көрші елде кәсіп ашып, сол елдің экономикасын көтеруге атсалысуға қолайлы жағдай. Өйткені онда олардың және олардың балаларының, әркімнің де басына келуі мүмкін, сәтсіз жағдайлардан шығудың кепілдіктері бар», - деп атап өтті, А.Тұртаев және «Ақ жол» партиясының осындай нормаларды Қазақстанда енгізу туралы ұсынысына, Қаржы министрлігінің бұл механизм 2016-2017 жылдарға жоспарланған жалпыға бірдей табысты декларациялауды енгізгеннен кейін ғана мүмкін деп мәлімдегенін еске салды.
«Ол уақытқа (егер қабылданса) 3 қысты бастан өткізу керек. Алайда несие алып, кайтара алмай балаларымен далада қалған азаматтарымыздың 2016 жылға дейінгі жағдайы, басқа да қажеттілігі ескерілмейді», - деп қосты депутат.
Елбасының жолдауындағы шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерін оңалту және банкроттық механизмін жасау жөніндегі тапсырмадан кейін бұл тақырып қайта маңызға ие болды. Сондықтан фракция депутаттары тарапынан дайындалған жеке тұлғалар мен ШОБ жөніндегі бөлімді қосу үшін «Оңалту және банкроттық туралы» Заң жобасын Мәжіліске қайтару қажет деп санайды.
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және өз сайлаушыларының құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыра береді.