ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек және Ақарық ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді
10 сәуір 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
10 сәуір күні ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек және Ақарық ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ханшагүл Мұстафаева, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшілері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Еңбек ауылының тұрғыны Аманбай Нұргелдіұлы ЖОО санының көбеюіне қарсылығын білдіріп, көпбалалы аналарға 20 жыл өтілін талап етуді алып тастап, заңда жеңілдіктер қарастыруды сұрады.
Депутат өз кезегінде қазіргі кезде «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы Парламентте талқылану үстінде, сондықтан сіздердің ұсыныстарыңызды жұмыс тобының отырысында міндетті түрде көтеремін деді және тұрғындарға заң жобасына қатысты «Ақ жол» партиясының ұстанымдары мен бағытын түсіндірді.
Одан әрі кездесу Жалағаш ауданы Ақарық ауылында жалғасын тапты. «Ақ жол» фракциясының депутаты ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі жұмыссыздыққа тоқталып өтті. Ол жаңадан ашылып жатқан мекемелер мен жұмыспен қамту орталықтарының арасындағы байланыстың жоқтығын айтып, заң аясында жұмыс берушінің және жұмысшының да құқығын қорғау мәселесі қаралып жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ қазіргі уақытта қарастырылып жатқан «Жұмыспен қамту туралы» заң жобасына кеңінен түсініктеме берді.
Кездесу соңында депутат Алмас Тұртаев сайлаушыларға «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының заңшығарушылық қызметі туралы ақпараттар берді және азаматтарды қабылдады.