ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев аймақтарға сапары аясында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм және Жөлек ауылдарында болып, халықпен кездесу өткізді
11 сәуір 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев аймақтарға сапары аясында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм және Жөлек ауылдарында болып, халықпен кездесу өткізді.
Кездесуге аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, Бәйгеқұм ауылының әкімі Жүсіп Мұхамедәлі, аудандық «Шиелі ақпарат» газетінің өкілдері қатысты.
Алмас Тұртаев «Ақ жол» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген негізгі міндеттердің орындалу барысын баяндап, «Жұмыспен қамту», «Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заң жобаларының талқыланып жатқандығын және партияның ұсынған ұсыныстары мен позициясын жеткізді. Зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұзартуға қарсылығын білдіріп, таңдауға мүмкіндік беру секілді партия тарапынан бірнеше ұсыныстардың түсіп жатқанынан хабардар етті.
Ауыл ақсақалы Мырзахан Дүйсенұлы«қаладағы азаматшаларымыз бен ауылдың әйелдерін салыстыруға болмайды, арасы жер мен көктей,- деді. Ауылдың ауыр бейнетін көрген әйелдер 63 жасқа жете алмай да жатады. Сол себепті «Ақ жол» партиясының ұсыныстары мен ұстанымын қолдайтынын білдірді.
Одан әрі халықпен кездесу Жөлек ауылының тұрғындарымен жалғасты. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары, Жөлек ауылының әкімі Қайнар Райымбекұлы қатысты.
Кездесу барысында сөз алған Алмас Тұртаев «әлем өркениетінен қалмау үшін біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек»,-деді. Кедендік одақ, алдағы жылдары өз жұмысын бастайтын Бірыңғай Экономикалық Кеңістік кәсіпкерлер үшін жасалып отырған үлкен көмек. Бизнеске қолдау бар, тек оның көзін тауып ұқсата білу өзімізге байланысты. Қазіргі таңда мүмкіншілік көп, еш кедергісіз тауарыңды Ресейге, керек болса Еуропаға еркін жол ашылған. Жергілікті халықты кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды. Еліміздегі жер телімін беруді алып тастау туралы бастаманы қолдамайтындығын жеткізіп, ол да партияның қаперінде екенін айтты.
Ауыл тұрғындары, Дария суының нашарлап бара жатқанын, құрамында ауыр металдардың көбейіп, төрт түлік жайылатын жайылымның азайып бара жатқанына алаңдаушылықтарын білдіріп, Алмас Тұртаевтан бұл мәселенің шешімін табуда көмек беруін сұрады.
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаты Алмас Тұртаев, арыз шағымдарды жазбаша жазып беруін сұрап, аталған проблеманы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алдына қойып, бұл жағдайдың жақын арада бір жақты болатынына сендірді.