«Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы Жезқазған қаласында партия белсенділерімен кездесіп, «Ақ жол» партиясының, оның Парламенттік фракциясының жұмыстары жайлы хабардар етті
15 сәуір 2013 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
2013 жылдың 12-13 сәуірінде «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы Жезқазған қаласында жұмыс сапарымен болды. Онда ол партия белсенділерімен кездесу өткізіп, сәуірдің 4-14 аралығында «ақжолдық» депутаттардың Партияның Парламенттегі заң шығарушылық жұмыстарынан хабардар ету үшін республика аймақтарына шығып, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, студенттер мен жастармен, сондай-ақ облыстық филиалдардың кеңселерінде партия активімен де кездесіп, Партия филиалдарындағы Қоғамдық қабылдауларда азаматтарды қабылдау жүргізгендерін айта келіп, «әрине, Парламент Мәжілісіндегі қазіргі таңдағы 7 депутаттың бүкіл Қазақстан аумағын толық қамтуы қиын. Сол себепті де өздеріңізбен - жерлестеріммен жүздесіп, дидарласып қайтайын деп Жезқазғанға келдім» деді. Ол «Ақ жол» партиясының 2012 жылдың қаңтарындағы Парламент Мәжілісінің сайлауында электораттың сеніміне ие болып, Парламентке өтіп, «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясын құрғанын қатысушылардың есіне салды. Осы фракцияның 2013 жылдың үш айындағы жұмыстары жайлы хабардар етті.
Жалпы Парламентке өткен партияның жұмысында ең алдыңғы орынға қалай болғанда заң шығарушылық қызметі шығатынын атап көрсеткен Орталық кеңес хатшысы осы тоқсанда «Ақ жол» партиясы әзірлеген Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі заң жобасының таныстырылымдарының әртүрлі деңгейде өткізіліп, оны пысықтаулар жүргізілгенін, нәтижесінде, Үкімет жанындағы заң жобалары қызметі мәселелері бойынша Ведомствоаралық комиссиясында«Ақ жол» фракциясының халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша заң жобасы мақұлданғанын айтып, оның негізгі ереже баптары жайлы түсініктеме берді. Парламент Мәжілісінің күн тәртібіндегі кезегін күтіп тұрған мәселелердің бірі – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына «Ақ жол» фракциясының үлкенді-кішілі 38 ұсыныс енгізгенін, Әділет министрлігімен әзірленген Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту туралы заң жобасына байланысты да өз ұсыныстарын беру үшін нақты жұмыстар жүргізіп жатқанын әңгімеледі. Сәбит Байдалы осы 3 айдың ішінде «Ақ жол» депутаттарының экономикалық, әлеуметтік, қаржылық, шағын және орта бизнес мүдделерін қорғау, сыбайлас жемқорлықты болдырмау тағы да басқа өзекті мәселелерді көтерген 15 депутаттық сауалдар жолданғанына тоқталып, олардың кейбірінің мазмұнын ашып көрсетті. Осы өрбіген әңгіме төңірегінде және қазіргі кезде қоғамда қызу талқылау туғызып отырған зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі заң жобасына, әсіресе әйелдердің зейнет жасын ұзартуға қатысты Мұрат Қасымовтың, Мұханбет Ишановтың, Темеш Мәуленовтің, Өмірбек Бірмұхановтің қойған сұрақтарына жауап беріп, партияның ұстанымдарын жеткізді. «Ақ жол» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына тұтастай алғанда көңілі толатынын айта келіп, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысушы Сәбетбек Еркінбаев былтыр ғана Елбасының тапсырмасымен 2012-2017 жылдарға арналған Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданын әлеуметтік-эконоикалық дамытудың кешенді жоспары жасалып, Үкіметтің қаулысымен бекітілуінен кейін мысты өңірді өркендету бағытындағы ауқымды іс-шаралардың орындалысын бақылауға алып, осы индустриялық-инновациялық жобаның іске асуына атсалысу үшін «Ақ жол» депутаттарының да біздің аймағымызға да атбасын тіреп, жұртшылықпен кездескендері жөн деген тілегін білдірді. Сол күні С.Ж. Байдалы «Ақ жол» ҚДП Жезқазған қалалық партия ұйымының жетекшісі Мұсабек Төлегеновпен бірге жуырда ғана дүниеден өткен «Ақ жол» партиясының ардагері, «Жезқазған қаласының құрметті азаматы» Әбдіраман Көшкеевтің отбасына кіріп шығып, көңіл айтты.
Жұмыс сапары барысында Партияның Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы Жезқазған қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен металлургтер алаңында өткізілген Жезқазған аймағының мыс кен орындарын ашқан ғұлама ғалым, қазақ халқының мақтанышы, академик Қаныш Сәтбаевтың туған күніне арналған салтанатты жиынға қатысты, сондай-ақ аймаққа танымал басылым - қалалық «Сарыарқа» газетінің журналистерімен кездесіп, әріптестерін газеттің 40 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.