Азат Перуашев - Азаматтық қорғау туралы заң жобасын қайта жазу үшін ТЖМ-не қайтарып беру қажет
4 наурыз 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Азаматтық қорғау туралы заң жобасын қайта жазу үшін ТЖМ-не қайтарып беру қажет, - бұл туралы «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Перуашев өткен бейсенбіде Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысында мәлімдеді.
- Мәжілістің талқылауындағы «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасы ТЖМ-нің бизнесті тексеруге және материалдық ресурстарды басқаруға өкілеттілігін кеңейтуді қарастырады, бірақ табиғи немесе техногендік апаттардан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ахуалын ешбір жақсартпайды, - деп атап өтті қазақстандық демократтардың көшбасшысы.
Осы орайда, жақында болған жиналыста Мемлекет басшысы ҚР ТЖМ Министріне (әсіресе басқа органдармен, салық органдарын қоса алғанда тексерудің қысқарғанының аясында) оның ведомствосымен кәсіпорындарды тексеру 8 есе өскенін, бұл бизнеске қысымды азайту жөніндегі мемлекеттік саясатқа тікелей қайшы келеді және жол беруге болмайтынын тікелей атап көрсетті.
Сонымен қатар, ҚР ТЖМ-нің азаматтық қорғаудағы міндеттері және принциптері, тұрғындарды хабарландыру жөніндегі талаптар, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою тәртібі, жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейлерін, өкілеттіктерін бөлу, кезекші-диспетчерлік қызметті ұйымдастыру және т.б. тікелей міндеттері, - толық көлемде берілмеген және оларды іс жүзінде тиімді қолдануды қамтамасыз етпейді.
Күткенімізге қарамастан қазіргі заң жобасында республикамызда азаматтық қорғаудызаманауи талаптарға сай жаңғырту тәсілдемелері жасалмаған, - деп көрсетеді Азат Перуашев. Сонымен қатар, осы заң жобасымен ТЖМ Президенттің және Үкіметтің «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық Заңының 10-бабының 2, 13-тармақтарында, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңының 9-бабының 8-тармағында, 14-бабының 2-тармағында қарастырылған функциялық міндеттерін қайта бөлу және өкілеттіктерін бекіту бөлігінде өкілеттіктерін шектеп, құзыреттерін тарылтуға талаптанады.
Заң жобасымен азаматтардың және жеке кәсіпорындардың тікелей конституциялық құқықтары бұзылады, мәселен, мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің тек мемлекеттік объектілермен шектелуі, ҚР Конституциясының азаматтардың тең құқықтығы туралы және мемлекеттік және жеке меншікті мемлекеттің теңдей тануы және қолдауы туралы нормаларына қайшы келеді, деп атап көрсетті «Ақ жол» партиясының төрағасы.
Заң жобасымен қарастырылған ТЖМ-не және орталық атқарушы органдарына өздеріне тән емес функцияларды беру, осы заң жобасының тұжырымдамасында оны қабылдау бюджеттік шығыстардың көбеюіне апармайды деп көрсетілгеніне қарамастан,
бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етеді.
Тек қазіргі заң жобасын талқылаудың бастапқы сатысының өзінде барлық үш партиялық фракция депутаттарымен 1200-ге жуық түзетулер енгізілген. Толып жатқан баптарды (хабарландыру дабылы, 112 қызметі бойынша және т.б.), депутаттардың сынынан кейін дайындаушылар талқыламауды өтінді, оларды елеулі түрде өңдеуге қайтарып алды.
Азат Перуашев заң жобасын бөліп-бөліп емес, толығымен қайта өңдеуге қайтарып беру қажет деп есептейді, себебі заң жобасындағы анықталған кемшіліктерді түзеткеннің өзінде, оларды құжатпен бір жүйеге байланыстыру қажеттігі туындайды, ал ол заң жобасының қазіргі жағдайында мүмкін емес.