«Ақ жол» Алаш қайраткерлерін ардақтау деңгейін биікке көтеру мәселесін бақылауда ұстайтын болады
2013 жылдың 26 ақпаны, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы 2013 жылдың 23 қаңтарында Қазақстан Республикасының Үкіметіне Алаш қозғалысының 100 жылдығына 5 жылға жуық уақыт қалғанымен, оның тез өте шығатынын, сондықтан оған жүйелі әрі тыңғылықты дайындалып, жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар жасап, мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін мемлекеттік комиссия құру қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Сонымен қатар жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты мұрағат құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынғаны жөн екендігі де атап көрсетілген еді.
Осы сауалға берілген жауапта Үкімет басшысы С. Ахметов: «өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу мақсатында бүгіннің өзінде сол уақытта құрбан болған адамдар есімдерін мәңгілік ету... жөніндегі шаралар қабылдануы қажет»,- деп атап көрсеткен. Сондай-ақ, жауапта Мәдениет және ақпарат министрлігінің өткен жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың (жауаптың мәтінін әзірлеушілер тарапынан Гүлнәр Дулатқызы деп қате жіберілген, түзетіліп беріліп отыр) «Алаштың сөнбес жұлдыздары» және Жаhаншаh Досмұхамедұлының 125 жылдығына арналған Өтеген Жолдының «Асыл-Тұлға» атты кітаптарын жарыққа шығарғанынан хабардар етіп, ағымдағы жылы Әлихан Бөкейханов шығармаларының 7,8,9-томдарын, Қ. Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» (кітап-альбом), Б. Мүрсәлімнің «Алашорда» (фотоальбом), Қ. Сақтың «Алаш көсемсөзі» еңбектерін басып шығару жоспарланып отырылғаны айтылған. Сонымен бірге 2017 жылы Алаш қозғалысына 100 жыл толатынын ескере отырып, бұл мәселеге алдағы уақытта оралуды жөн санайтындықтарын жеткізіпті.
«Ақ жол» партиясы, оның Парламенттік фракциясы Алаш қайраткерлерін ардақтаудың деңгейін биікке көтеруді тым кешіктірмеу қажет деген ұстанымынан айнымайды және өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды бұл мәселені бақылауда ұстайтын болады.