«Ақ жол»: мемлекеттің назарында ұстайтын ең маңызды мәселелерінің бірі - қандастарымыздың елге оралуы, қазақ көшін толастатпау
2014 жылдың 26 тамызы, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі.
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы тағдырдың жазуымен жат елдерде өмір сүріп жатқан өз қандастарымыздың біртіндеп елге көшіруге және олардың тұрғылықты жерлеріндегі құқық-мүддесін қорғау мен ұлттық болмысын сақтауына ерекше қамқорлық көрсетуге міндеттіміз деп санайды. Сондықтанда Парламентте өзінің депутаттық фракциясы бар партия ретінде үкіметтің осы бағыттағы жұмысын жіті қадағалап, назарында ұстап отыр. Биылғы жылы Республика үкіметі сол қандастарымызды елге көшіруді жеделдету мақсатында, қазақ көшін көлікті етудің құқықтық және әкімшілік тетіктерін оңтайландыруға бағытталған аса маңызды саяси шешім де қабылдады. Ұлттық мемлекетімізді одан әрі бекемдеу жолындағы игі бастамаларды қолдай отырып, «Ақ жол» партиясы мұның өзін де жеткіліксіз деп санап, а.ж, 12 маусымында Үкіметке құлашын кеңге сілтей алатын мемлекеттік Көші-қон және қазақ диаспорасы агенттігін құру мәселесін көтеріп депутаттық сауал жолдаған болатын.
Онда, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының ұлттық болмысына төнген қатер жыл өткен сайын ауырлай түскені ашық айтылды. Мысал ретінде, «миллионға жуық қандасымыз тұратын көрші Ресейде бір де бір қазақ мектебі жоқтығы, кешегі тоқсаныншы жылдардың өзінде 90 пайыздан аса бала өз ана тілінде білім алатын Қытай мен Өзбекстанда қазақ мектептерінің саны адам шошырлық жылдамдықпен кеміп жатқаны», т.б. келтірілді. Ал, олармен мәдени байланыстарды күшейтуге міндеттелген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысы сын көтермейді. Қоғамдық ұйымдар қалай болғанда да тым ауыр жүкті көтере де алмайтыны да анық. Сол себепті, «Ақ жол» Израил, Германия, Ресей және Қытай елдерінде өз диаспораларының құқық-мүддесін қорғауға бағытталған арнайы мемлекеттік құрылымдар тиімді жұмыс істеп келе жатқанын, біздегі Ішкі істер министрлігіндегі көші-қон департаментінің қызметі тек визалық – рұхсат берумен шектеулі екенін тілге тиек ете отырып, Көші-қон және диаспора агенттігін құрудың маңыздылығын атап көрсеткен еді.
Үкіметтің қайтарған жауабында әуелі осы уақытқа дейінгі көші-қон процестерін реттейтін, «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңын қоса алғанда, жұртшылыққа белгілі құжаттарды, әртүрлі министрліктердің аталған мәселедегі құзіреттерін санамалап көрсетіпті. Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Тұжырымдаманың этникалық қазақтар үшін Қазақстан республикасына келу шарттарын біріздендіру және оңайлатуға бағытталғанын атап өткен. Көзіқарақты оқырман бұдан хабардар. Ал, «Ақ жол» Парламенттік фракциясының нақты ұсынысына келсек, оған Үкіметтің жауабы мынадай: «Жоғарыда жазылғанды назарға ала отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің оңтайлы құрылымы құрылғандығын, көші-қон мәселелері бойынша уәкілетті органдар айқындалғанын ескере отырып, көші-қон және қазақ диаспорасы бойынша жеке мемлекеттік орган құруды ерте деп санаймыз».
«Ақ жол» партиясы депутаттарының сауалы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» 2014 жылғы 6 тамыздағы № 875 Жарлығымен қалыптастырылған жинақы Үкімет құрылғанға дейін жіберілген болатын. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыруда Үкіметтің жаңа құрамына жүктелер өзекті міндеттердің молдығына «ақжолдықтар» ешқандай шүбә келтірмейді. Тек, соның ішінде, қандастарымыздың елге оралуы, қазақ көшін толастатпау мемлекеттің назарында ұстайтын ең маңызды мәселелерінің бірі ретінде қарастырылуы тиіс деп санайды. Бұл ең алдымен дүниенің дүрбелеңі көбейіп тұрған қазіргі алмағайып заманда Тәуелсіз Қазақстанымыздың қанатын қатайтып, керегесін кеңейтіп, іргесін бекемдей түсетін, ұлттық қауіпсіздігімізге байланысты мәселе екендігін бір сәтте естен шығармағанымыз абзал.