24
Ақпан

Санат жоқ 24.02.2015

«Алаш» идеологиясы зерделенді

2015 жылдың 24  ақпаны, «Ақ жол» ҚДП Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі
20-шы ақпан  ПМПИ-де «Ақ жол» демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалы және Павлодар мемлекеттік педогогикалық институты  «Алаш» қозғалысының идеологиясы: өткені мен бүгіні» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Шараға ғалымдар, шығармашыл зиялылар, қоғам белсенділері және студент жастар қатысты.

«Ақ жол» ҚДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы, дөңгелек үстелді жүргізуші Ербол Арынов кіріспе сөзінде Қазақстанның  'Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі бағдарламасы туралы мәлімет берді.
ПМПИ-дің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры, филогия ғылымдарының докторы Сейфитдин Сүтжанов; ақын, өлкетанушы, қоғам қайраткері Қайролла Кәженов; ПМПИ-дің Қазақстан және шетелдер тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Өтепова;  С.Торайғыров ат. ПМУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамет Тұрышев, ПМПИ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы  «Алаш» қайраткерлерінің қызметі  және «Алаш» қозғалысының идеологиясы жөніндегі ойларын ортаға салып,  оларды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың тарихи зердесін қалыптастыру, кейінгі буынды отаншылдық, мемлекетшілдік сезімдеріне баулу  қажеттілігіне назар аударды, сондай-ақ ҚР Президенті сайлауының биыл өткізілуі өте орынды,  Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға алашшыл  азаматтардың барлығы белсенді атсалысуға тиіс  деген пікір білдірді.   
Жарыссөзге қатысушылар  ХY ғасырда Жәнібек пен Керей хандар негізін қалаған қазақ хандығын ХІХ ғасырда патша үкіметі жойғанын, сөйте тұра  ХХ ғасырдың басындағы саяси күрделі кезеңде  «Алаш» партиясы мен  қайраткерлері  Алашорда үкіметін құрғаны, сол арқылы  әуелі Кеңес одағы құрамында Қазақ  АКСР,  кейінірек Қазақ КСР, 1991 жылы тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына алғышарт жасағанын айтты,  қазақ мемлекетінің тарихында саяси-идеологиялық  мәні елеулі бұл оқиға  биыл  қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясындағы ғылыми конференцияларда  аталып өтілуі керек деген ұсыныс білдірді. 
Ақын, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани «Алаш» қозғалысының идеологиясын жұртшылыққа насихаттауда «Ақ жол» партиясының  жүйелі жұмыс жүргізіп  жатқанына ризашылығын білдіріп, Алаш арыстары туралы өлеңін оқып берді.
Дөңгелек үстел отырысын Ербол Арынов қорытындылап, «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен жарық көрген «ХХІ – ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты кітапты қатысушыларға таратты.