Алаш Бағдарламасы
2015 жылдың 24 ақпаны, «Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалының баспасөз қызметі
19-шы ақпан ҚДП «Ақ жол» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы «Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасын» талқылау мәжілісі өтті. Мәжіліске «Ақ жол» ҚДП Орталық және обылыстық Кеңестің мүшелері, облыстық ішкі саясат басқармасының, саяси партиялардың өкілдері, алаштанушы ғалымдар, студенттер қатысты.
Мәжілістің мақсаты – қазақ әлемінде шоқ жұлдыздай жарқырай шыққан, ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш қайраткерлерінің жүріп өткен жолын, ерлікке баларлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, қазақ ұлты үшін ең қымбатты құндылық ретінде насихаттау болды.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақ хандығының 550 жылдығын, содан соң 2016 жылы алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығын, 2017 жылы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын - тарихи заманалық аса маңызды оқиға ретінде бағалап, мемлекеттілік дәстүрдің сабақтастығын одан әрі бекіте түсу үшін, мемлекеттік деңгейде атап өту қажет деп санайды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға да тарату және олардың ХХ1 ғасырда да, әсіресе қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғыртуға қажеттілігі жөнінде 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықты қамтыған ортамерзімдік Бағдарлама (әрі қарай Бағдарлама) қабылдап отыр. Мәжілісте осы Бағдарлама көпшілікке таныстырылып, олардың көзқарастары мен ұсыныстары тыңдалды.