19
Ақпан

Санат жоқ 19.02.2016

Құқықтық қадамдар қажет



С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық үдеріс кафед­расының меңгерушісі, заң ғылым­дарының докторы, Шығыс Қазақ­стан облысы бойынша азаптауға қарсы ұлттық сақтандыру тетігіне қаты­су­шылар тобының жетекшісі.

«Ақ жол» партиясының атынан Өскемен қаласы мәслихатының депутаты кандидаттығына тіркелген Қуат Қажымұқанұлы ел келешегі жергілікті өзін өзі басқару органдарын дамытуға байланысты екендігін айтады.

– Мәслихат – жергілікті өзін өзі басқару органына жатады. Еліміз жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыта отырып, өркендеуі тиіс. «Қазақстан-2050» Стратегиясында өкілеттіктердің басым бөлігі жергілікті өкілдік органдарға берілетіндігі көрсетілген. Бүгінде жергілікті мемлекеттік басқару қызметін шектеу, жергілікті өзін өзі басқару органдарының меншігі мен бюджетін қалыптастыру, ауылдық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірліктерді жандандыру мәселелері жүргізіліп, жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бұл – біртіндеп дамытуды қажет ететін өзекті мәселе. Өскемен қаласында көп жылдар бойы жергілікті өзін өзі басқару комитеті жұмыс істеп келеді, – деді Қ.Рахимбердин.

Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық моделін құруда озық елдердің тәжірибесін ескерген жөн. Былтыр бір топ әріптестерімен Германияның Берлин мен Дрезден қалаларында болып, көптеген мәселелерді тиімді шешу жолдарымен бірге жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру тәжі­рибесімен қанығып қайтқанын жет­кізді. Бүгінде неміс қалаларындағы оңтайлы шешімдер моделі облыс орталығына да енгізілуде.

Қуат Қажымұқанұлы жастар арасында отаншылдық тәрбиені арттыру, халықтың құқықтық сауат­тылығын көтеру сынды мәсе­лелерге де тоқталды. Бұл рет­те, облыс орталығында жас­тар арасында орын алатын қыл­мыс пен оның себептері, салдар­лары және қылмыстан сақтан­дыру мәселелеріне нақты зерттеу жүргізгенін атап өтті. Соңғы ширек ғасырда 14-29 жас аралығындағы жастар арасында орын алатын қылмыстың негізгі себептерін анықтаған сирек зерттеу жұмыс­тарының бірі болғандықтан, оның қорытындылары өңірдегі ішкі істер мен прокуратура органдарының назарына алынды.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.

Дерек көзі - egemen.kz