24
Ақпан

Санат жоқ 24.02.2016

«Қамбар батыр» қалпына келтірілді

«Ақ жол» партиясы депутаттарының араласуынан кейін, «Қамбар батыр» жырының 9 сыныптарға арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясындағы мәтіні тарихи түпнұсқаға ауыстырылды

24 ақпан 2016 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетсек, осы оқу жылының басында 9 сыныптарға арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясының мазмұны қоғам мен әлеуметтік желілерде үлкен наразылық тудырған болатын. (Қазақ әдебиеті хрестоматиясы, «Мектеп» баспасы, 2012 ж.).

         Ата-аналар мен ұстаздар қауымының пікірнше, аталған оқулықтағы «Қамбар батыр» жырының нұсқасы тарихи нақтылықтан аулақ және оқушыларды тәрбиелеуге кері әсер етеді. Бұл жерде аталған эпостың басты кейіпкері – Қамбар батыр ішімдікқұмар және шылымқұмар кейпінде көрсетілген.

         Алайда, Білім Министрлігі өзінің 2015 жылғы 15 қарашадағы ресми жауабында қоғамның бұл сыни пікірін жоққа шығарған.

Осыған орай, «Ақ жол» фракциясының депутаттары А.Перуашев, А.Әбілдаев және А.Тортаевтар Бас прокуротураға хат жолдаған болатын. Сондай-ақ, бұл хатты «Нұр отан» партиясының депутаты В.Бишімбаев, ҚҰКП–ның депутаты Т.Өмірзақов, Қазақстан Халқы Ассамблеясының атынан А.Ахмадиев, З.Саяпова, А.Мұрадовтар қолдап қолдарын қойған еді.

Депутаттар хрестоматияны оқулық құралы ретінде пайдалануға прокурорлық шара қолдануды талап етті. Олар аталған қателік қолданыстағы заңнамалардың, оның ішінде ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекісі, ҚР «Білім туралы» заңы, «Бала құқытары туралы», «Жарнама туралы» заң талаптарын бұзып отырғанын атап көрсеткен еді.

«Хрестоматияны оқығаннан кейін оқушылардың бойына жаман әдеттер пайда болады және де бұл денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың талаптарына қайшы келеді, - деп шағымданушылар атап көрсеткен. Көрсетілген мәтінде халық батырының жорықтан кейін ішімдік және темекі өнімдерін пайдаланып демалатындығы жазылған. Әлбетте, мұндай «әдет» XVII-XVIII ғасырдағы қазақтың салтына сай келмейді. Бірақ 1922 жылы хрестоматияға әдейі бұрмалаушылық енгендіктен, аталған нұсқадағы мәтін қазірге дейін солай жазылып келген».

Жуырда «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Білім Министрлігі мен Бас прокуратураның ресми жауабын алды. Онда Білім және Ғылым саласын бақылау бойынша Комитеті жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, 9 ақпан күні тарихи тұпнұсқалығынан ауытқыған нұсқасы 2017-2018 жылдары шығатын хрестоматиямен өзгеретіні болып шешім қабылданғаны жазылған.

Естеріңізге салсақ, 10 ақпан күні Білім Министрі қызметінен босаған болатын.

Дегенмен осы жерде, ұлттық эпосты осындай күйінде жариялаған адамдардың жауапкершілікке тартылуы және оқулықтың кімнің есебінен қайта шығарылатыны жөнінде мәселе туындайды.

«Ақ жол» партиясы өзінің саяси бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыра береді.