Кәсіпкерлікке бұхаралық сипат беру әңгіме болды
2016жыл 1 наурыз, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының өкілдері Шымкент қаласында орналасқан «Бал Текстиль» кәсіпорында жұмысшылармен кездесу өткізді. Кездесуге 100-ге жуық адам қатысты. Түркиядағы белгілі «Kartal Carpets» кілем тоқу компаниясымен бірлескен «Бал Текстиль» - қазіргі таңда Қазақстандағы кілем тоқитын ірі өнеркәсіптің бірі.
Кездесуде Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер Қ.Айтбай өнеркәсіп ұжымын «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып өтіп, негізгі бағыттарына, оның ішінде «Бизнесті қорғау және кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру» деп аталатын бөлімге кеңінен тоқталды.
Өнеркәсіп ұжымы нарықтық жағдайға байланысты өздерін толғандырып жүрген әлеуметтік жағдайларға қатысты сұрақтар қойды. Сұрақ-жауаптан соң, жұмысшылар «Ақ жол» партиясының жұмыстары көңілге қонатындығын айтып, алдағы атқарар істерге сәттілік тілеп, сенім білдірді.