10
Наурыз

Санат жоқ 10.03.2016

Сауда үйіндегі кездесу

Ақмола облысында үгіт-насихат жұмысымен жүрген «Ақ жол» партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер Меруерт Қазбекова Көкшетау қаласындағы іргелі сауда үйінде болып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Алдымен ол жұрттың назарын «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасына аударды. Мұнда бизнес өкілдерінің мүддесін қорғауға ерекше назар аударылады. Себебі, бұл ең алдымен бизнестің партиясы екенін де жоққа шығаруға болмайды. Осы тұрғыдан алғанда «ақжолдықтар» елімізде кәсіпкерлік саланы қарышты дамытудың жаңа бағыттарын нұсқаған бірден-бір партия саналады.


Меруерт Қазбекова осы жайында терең ой қозғады. Қазіргі экономиканы үдемелі инновациялық негізде дамытудың аясында бизнесті заман талабына сай өркендету мәселесі жатқаны анық. Бұл жаңа реформа жасау деген сөз емес. Алғаш тәуелсіздік алған күннен бастап қолға алынған экономикалық саясатты жаңаша дамыту қажет. Мысалы, салық төлеудің теңгермелі түрлерін енгізуді де осы партия ұсынып отыр.

Қарап отырсаң, ел экономикасы қарышты дамып келеді. Бірақ, қаржы дағдарысы кезінде дағдарыс қиындығы сезілмей қалмады. Сырттан тауар әкеліп сататындарға да, өз елімізде өндіріс ашып, өнім шығаратындарға да салық салу талабы бірдей. Бірақ, сырттан тауар әкеліп, алып-сатумен айналысатындарға бұл оңтайлы жағдай болса, ал, өнім шығарып, қыруар шығынға кенелетіндер салықтың жеңілдетілген түрінің жоқтығынан көбіне кәсіпорындарын қаңтаруға тура келеді.



Міне, «ақжолдықтар» осы мәселені жиі күн тәртібіне қойып жүр. Бұл бүгінгі күннің де басты талабы десек болады. Сондықтан аталған сауда үйіне жиналған кәсіпкерлер Меруерт Қазбекованың сөзін тыңдап, «Ақ жол» партиясының ұстанған жолы дұрыс екеніне қанықты. Өздерін толғандырған сауалдарын да қойды. Оған астаналық мейман толымды жауаптар берді.