11
Наурыз

Санат жоқ 11.03.2016

Нарынқол – халқының рухы мықты өңір



«Ақ жол» демократиялық пар­тия­сының басқарма мүшесі Нұрлан Жа­зыл­беков және осы пар­тияның Ал­­маты облысындағы филиа­лы­ның бас­шысы Мейраш Шынасылова бастаған арнаулы топ сайлау ал­дын­дағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін шалғайдағы Райымбек ауданына барды.
Аудан орталығы Кеген ауылындағы кездесуде азаматтардың конституциялық құқығы бойынша дауыс беруде өз таң­дауларын білдіре алатындығы тәптіш­телді. Кәсіпкерлер партиясы деп те танылған ақжолдықтардың мақса­ты кәсіпкерлікпен бірге білім беру, ден­саулық сақтау, әлеуметтік жағдайды жақ­сар­ту сынды өмірлік мәні зор мәселелер екеніне де баса назар аударылды. Ал осы уақытқа дейін «Ақ жол» тарапынан не істелінді деген сауалға Н.Жазылбеков «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанкі» бас­шылығы сыбай­ласқан жемқорлықпен елді алдап, әуре-сарсаңға салғандығын биік мінбер­ден әшкерелеп, заңнама талабына сай жазалауға себепші болғандығын көлде­нең тартты. Сөйтіп, жүздеген салым­шы­лардың конституциялық құқықтары қор­ғалып, аталған банк басшылығы заңсыз иеленген тұрғын үйлер иелеріне қайтарылған.
Көлсай көлдерінде, Шарын шат­қал­ында, Байынқол өңірінде туризмді дамыту, елді мекендерді газдандыру мә­се­лелерімен бірге, бұл өңірдің өзекті проб­­ле­масы – ешқандай өндіріс орны жоқ бол­­ғандықтан, бюджетке 5 пайыз кіріс­­пен, 95 пайыз ротациямен отырған ау­­дан­да қандай жақсылықтар болатын­дығы жайлы аудандық кіріс бөлімінің бас ма­маны Лашын Сабырбаева айтып берді.
Жалпы, шалғайдағы ауылдарға ба­ру­ды жақсы дәстүрге айналдыра біл­ген ақжолдықтар ел шекара­сын­дағы На­рынқол ауылында да болды. Қара­пайым халық Мәжіліс депутаттығынан үміткер Нұрлан Жазылбековтің айтқандарын мұқият тыңдап, барлығының көкейіндегі басты мәселе – Нарынқол тасада қала бере ме деген сауалға барып тірелді. Жоқ, На­рынқол тасада қалмайды. Об­лыс әкімі тұрғындар алдында есеп бер­­­ген­інде: «Елбасы тапсырмасына сәйкес, Нарынқолға тиісті деңгейде көңіл бө­лінетін болады», – деген еді. Сол қуа­­нышты хабарды нарынқолдықтар көзайым етіп, алдымыздан шығарды. Негізі­нен зейнеткерлер ғана қалған ауыл тұрғын­дарынан зейнетақының, айлық жалақы­ның уақ­тылы төленіп тұратын, тұрмай­тыны, ауыл­да ұрлық жасалмайтыны, қан­дай ама­нат айтатындығы сұралды. Қалай десек те, мұнда Елбасына деген сенімдері зор ха­лық­тың рухы мықты екені көрініп тұрды.
Табиғат-ананың теңдессіз сыйы бұл өңірде баршылық, тек соны дұрыс пай­далана білу керектігі де атап айтылды. Сөйтіп, ақжолдықтар шекаралық өңір халқымен жақсы пікір алмасып, түсінісіп қайтты.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»

Дерек көзіegemen.kz