«Ақ жолдың» үгіт-насихат жұмыстары аяқталуға жақын
18 наурыз 2016 жыл «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жолдың» үгіт-насихаттары аяқталуға жақын – бұл жөнінде бүгін партияның орталық кеңсесінде өткен сайлауалды штабтың отырысында Азат Перуашев мәлімдеді.
«Біз бұл науқанда белсенді жұмыс жасадық, біздің үміткерлеріміз-сайлауалды штабтың мүшелері еліміздің барлық аймақтарын аралап, сайлаушылармен кездесіп, өндіріс орындарында болды. Бүгінде дәстүрге айналған – автошерулер, велошерулер, «Ақжолға дауыс бер!» акциялары, ашық есік күндері, рок-концерт ұйымдастырылды, - деп атап өтті партия жетекшісі. - Ақпан айының басында өткен партиямыздың съезінде біз думандатқан сайлауалды науқанынан бас тартатынымызды айтқанбыз. Дағдарыспен бағаның қымбаттауы жағдайында шоу ұйымдастырып, думандатып жатқанымыз қателік болар еді. Оның кері әсер беретіні сөзсіз болатын. Бұл мақсатымыз орындалды деп есептеймін. Ал, қаншалықты тиімді болғанын сайлау көрсетеді».
А.Перуашев сондай-ақ «Ақ жолдың» Парламентте өткен төрт жылын осы сайлауға дайындық деп батыл айтуға болатынын жеткізді. «Біз бағдарламамыздың әр бағытына кезең-кезеңмен жетуге тырыстық. Біраз мәселе шешілді, біразына уақыт қажет. Жұмысты жалғастыра береміз», - дей келе ол «Ақ жолдың» Парламенттік фракциясының жұмыстарының нәтижесінде дайындалған «Полемикалық экономика» жинағын таныстырды.
Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер мен штаб мүшелері өздеріне бекітілген аймақтардағы атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Полемикалық экономика» жинағы партияның үгіт-насихат құралы ретінде шығарылды және оның мазмұны партия төрағасының 2011-2015 жылдардағы баяндамалары мен құжаттарынан тұрады. Бұл жинақта негізінен нарықтық реформалар және жеке кәсіпкерлікті қорғауға баса назар аударылған. Сонымен бірге бұл мәселе Тәуелсіздікті нығайту және демократиялық институттар арқылы ұлттық мүдделерді дамыту арқылы көтерілген.