24
Наурыз

Санат жоқ 24.03.2016

Мәжілістегі үш партиядан не күтеміз?


Қанат Әуесбай 

Дағдарыс кезеңіндегі мерзімнен тыс сайлау ретінде тарихта қалған науқан да тарих қойнауына енді. Республикалық және халықаралық байқаушылардың пікірінше, бұл жолғы мәжіліс пен мәслихат сайлауы электораттың ең көп бөлігін қамтыған, тиісінше олардың ел тағдырына бей-жай қарамайтын зор жауапкершілігін көрсеткен науқан болды. Задында сайлаудың бұл нәтижесі сарапшылардың көпшілігі алдын ала болжаған көрсеткіштен айныған жоқ. Заңға сәйкес сайлаушылардың кемінде 7 % дауысын жинаса Мәжіліс  орынтағына жайғасатын партиялардың үштігі сайлау өтердің алдында-ақ жиі аталған. Олар күшті тармақталған желісі дамыған «Нұр Отан», кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды мақсат еткен «Ақ жол» және Кеңес заманының мұрагері - коммунистік халықтық партия. Осылайша алдыңғы V шақырылымда Мәжіліс креслосынан табылған үш партияның өкілдері келесі VI шақырылымда да төбе көрсетпек. Ендеше еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органында алдағы бес жылда халық атынан сөз алатын бұл партиялар қандай күшке ие болмақ?

Электораттың осы үш партияны кезекті рет қолай көруі де заңды. Еліміздің барлық деңгейдегі партиялық желісі дамыған «Нұр Отан» әзірге әлеуеті жағынан өзімен теңесетін баламасы жоқ еліміздегі бірден-бір саяси құрылым екені даусыз. 1999 жылы мемлекет басшысы бастамасымен құрылған пропрезиденттік партия соңғы 17 жыл ішінде еліміздегі барлық әлеуметтік топтарды жұмылдыра алатын бағыты бекем стратегиялық күшке айналды. Өз идеологиясында центризм мен секуляризм қағидаттарын ұстанатын саяси институт бүгінде еліміздегі 1 миллионға жуық ел халқын біріктіріп отыр. Постэлекторалды кезеңде де халықпен тығыз қойын-қолтық жұмыс істейтін партияға деген сенім әрдайым жоғары болып келген. Оны осыған дейін болған сайлау нәтижелері де айқын көрсетіп келді. Партияға деген сенім бір тараптан жүйелі жұмыс нәтижесінен көрінсе, екінші тараптан, оның  сапына мүше ықпалды адамдарынан да көрінді. Өйткені, еліміздің әкімшілік ресурсынан бөлек, зияткерлік, ақыл-ой элитасының басын біріктірген партияның әлеуеті өте күшті екенінде шүбә жоқ. Мәжілістің алдыңғы шақырылымдарында заңдардың қабылдануына «Нұр Отан» атынан сайланған депутаттардың қосқан үлесі өте зор. Әрі парламенттік басымдық партиясы ретінде Мәжіліс қабырғасындағы «Нұр Отанның» бұдан былай да ықпалы күшті, үні жарқын шығарын осы жолғы сайлау нәтижесі көрсетіп отыр.

«Нұр Отаннан» кейін жинаған дауыс көрсеткіші салыстырмалы түрде аз болса да 7% барьерден асқан «Ақ жол» демократиялық партиясы соңғы жылдары жылдам қарқынмен елімізде бедел жинап келеді. «Ақ жол» ҚДП ресми сайтында жазылғандай, өзін «сындарлы оппозиция» және ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деген ұстанымын айқындаған. Бұл партияға Қазақстан электоратының бүйрек бұруының да көп  себебінің бірі осы болса керек. «Алаш» қозғалысы отаншылдықтың, елжандылық, ұлтжандылық сияқты ұғымдар арқылы көпшілік санасында құны биік. Сондықтан болар, 2002 жылы құрылғанымен өздерін қазақ үшін қастерлі «алаш» ұғымымен қосақтаған «Ақжол» партиясы аз ғана уақыттың ішінде электорат арасында зор бедел жинады. Партия құрылғаннан кейінгі екі жылдан соң Мәжіліс сайлауында екі депутаттық мандатқа ие болып, тәуір көрсеткішке қол жеткізді. Дегенмен, партияның заң шығарушы билікке келуі әрдайым сәтті болған жоқ. «Ақ жолдықтардың» ішкі бірлігі жоқтығы, әрі саяси бытыраңқылық кесірінен, партияға сенім азайып, 2007 жылғы сайлауда «Ақ жол» небәрі 3,9% дауыс жинап, Мәжіліске мүлдем өте алмай қалды. 2011 жылдан бастап, партия өз қызметінің ұйымдастырушылық, кадрлық, идеологиялық, зияткерлік негізіне түбегейлі өзгерістерді іске асырып, дамуының сапалы жаңа деңгейіне шықты. «Ақ жолға» бизнес өкілдері белсенді кіре бастағаны да осы тұс. «Ақ жолдықтардың» сайлауалды тұғырнамасының діңгегі шағын және орта бизнестің қамын күйттеу болғаны қай тұрғыдан да қисынды, әрі ұтымды стратегия.  Қазақстан экономикасының түпқазығы шағын және орта бизнес болуы керектігі биліктің биік мінберлерінен жиі айтылады. Мемлекет басшысы да ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап, шағын және орта бизнесті экономиканың аса маңызды секторы ретінде айқындап келгені белгілі. Ендеше «ұраным – алаш, бағытым – бизнес» дейтін «ақжолдықтардың» ендігіде Қазақстан парламентаризмі тарихында одан ары қарай да десі басым бола бермек десек қателеспейміз. «Ақ жолдың» қызметі қаншалықты нәтижелі болады деген сауалға жауап бермес бұрын, алдыңғы V шақырылымда Мәжілістегі азшылық саналған бұл партияның жұмысын бағамдап көру ләзім. 2013 жылы мәселен, бұл партия «ҚР халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заң жобасы, 2014 жылдары «инвестициялық қызмет және бизнес-иммиграция саласындағы кәсіпкерлік қызметті жеңілдету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектерді жұмыспен қамту, мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету туралы» Заң жобасы, ҚР шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларын әзірлеп, Үкіметке енгізу сияқты жұмыс көкжиегімен көрінді.

Осымен екінші рет кезекті шақырылымда Парламент қабырғасынан орын алып отырған коммунистік халықтық партиясының құрылғанына небәрі 12 жыл болса да, ә дегеннен сайлаушылардың қолдауына ие болғаны кейде сарапшыларды таң қалдырады. Электораттың (азшылық болса да) қолдауына ие болуын әлбетте бұл партияның Кеңес одағынан қалған мұрагерлігі себебінен іздейміз. Елімізде 50 жастан асқан аға буын сайлаушылар Кеңес Одағы кезінде осы партияның мүшесі болғандар. Тиісінше, егде тартқан дауыс берушілердің басымы әлі де болсын, коммунистік партияға адалдық танытудан тайынбай келеді. Кеңестік тәрбиеде өскен халық коммунистік партияның кемшіліктерін көре тұра, кезінде идеологиясын сіңіріп өскен саяси құрылымды қолай көретінін осы жолғы да сайлау нәтижесі көрсетті. Ал, кемшіліктер жетіп артылады. Осы жолғы сайлауалды бағдарламасын қоғамның жаппай вестернизациясына күреске арнаған КХП-ның бұл стратегиясы сарапшылардың езуіне тек күлкі үйіргеніне қарамастан, бұл саяси институт осымен екінші рет 7% барьерден өте алды. Әлбетте, КХП-ның Мәжіліске өту талпынысы барлық кезде сәтті болған жоқ. 2004 және 2007 жылғы сайлауларда бұл партия сайлаушыларының тіпті, 2% да ие бола алмады. Тек 2012 жылғы сайлауда ғана бағы жанып, Мәжіліске 7 өкілін өткізіп, парламенттегі азшылық партияға айналды. V шақырылымда бұл партия не тындырды? деген сауалға жауап ретінде Мәжілістегі «халықтық коммунистер» фракциясының жолдаған депутаттық сауалдарынан өзге мардымды іс тындырғанын байқай қоймадық. Депутаттық сауал жолдаудан өзге, нәтижелі істерімен көріне қоймаған бұл фракцияның пассивті әрекетін бір тараптан «жалғыздың үні шықпас» делінген халық даналығымен түсіндіруге болады. Екінші тараптан, Мәжілістегі «халықтық коммунистер» фракциясы құрамында Ерасыл Әбілқасымов сынды харизмасы күрделі тұлғаның болмауы да бұл партияның үні бәсең шығуына екінші бір себеп. Дейтұрғанмен, өткен жолғы шақырылымнан зор тәжірибе жинақтаған коммунистердің Мәжіліс сапында осы жолы белсенді қызметімен көзге түсер деген үміт бар.

Сайлау бітті. Саяси додада бағын сынаған алты партияның үшеуі Мәжіліске өтті. Өтпей қалған үш «аутсайдер» - «Ауыл», «ЖСДП» «Бірлік» партияларына енді қайтпек керек? Бұл үшеу енді ел арасындағы саяси салмағын арттыру бағытында қызметін жандандырып, бес жылдан кейін келетін сайлауға үлкен дайындықпен келуі керек. Өйткені, кез-келген партияның о бастағы мақсаты билікке келу. Билік тармағында бой көрсетпеген партия құрдымға кетері анық.

Дерек көзі - bnews.kz