Мәжілісте нәзік жандылардың саны артты - ҚР Мемлекеттік хатшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістегі әйелдердің қатары 27,1 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«Жақында болған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы әлемдік талаптарға сай жоғары деңгейде өтті. Өткен шақырылыммен салыстырғанда Мәжілістегі әйелдердің қатары артып отыр. Жаңа құрамға 29 әйел сайланды, бұл 27,1 пайызды құрайды»,-деді ҚР Мемлекеттік хатшысы.
Осы ретте Г. Әбдіқалықова Қазақстанда Елбасының әйелдерді қолдау саясатына сай үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын сөз етті.
«Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігінің қарқынды секторы айтарлықтай мығым қалыптасқанын ескере отырып, бізге нәзік жандыларды экономикалық қызметке жан-жақты тарту маңызды»,-деді ол.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша соңғы 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2009 жылғы 17,7 пайыздан, 2014 жылы 26,2 пайызға дейін көтерілді. Шығын және орта кәсіпкерлік субъектілері иелерінің құрылымында әйелдердің үлесі 42 пайызды құрап отыр.
Дерек көзі -
inform.kz