Қарашаңырақтағы Наурыз
Бүгін әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Наурыз мерекесі аталып өтті. Қазақ ғылымының қарашаңырағы болып табылатын осынау көне оқу орнындағы мерекеге түрлі шетелдік елшіліктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері мейман ретінде шақырылыпты. Аталған шараға «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевта қатысып сөз сөйледі.
«Мен барлықтарыңызды да осынау көне де қасиетті мерекемен құттықтаймын. Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толады. Мемлекеті жоқ халық – жетім халық. Құдайға шүкір, біз тәуелсіз елміз. Елбасының бастауымен сол тәуелсіздігімізді нығайта түсуге тиіспіз, оған осы оқу орнында оқып жатқан болашақ мамандарда үлес қосады деп сенемін» - деді «Ақ жол» жетекшісі.
Азат Перуашев пен тарихшы Мәмбет Қойгелдиев осы жерде Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғалым Мутановқа Қазақстан тарихшылар қауымдастығы белгілеген «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған естелік медаль табыстады. Мыңдаған адам жиналған мереке өнер шеберлерінің концерті және театрландырылған көрініспен аяқталды. Сондай-ақ бұл күні Азат Перуашев аталған оқу орынның жаңадан ашылған «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысып, аралап көрді.