18
Сәуір

Санат жоқ 18.04.2016

Бүгінгі депутат, кешегі партия хатшысы Берік Дүйсенбинов



Ердің атын еңбек шығарады. Жастайынан жұмысқа араласып, ата-анасына қолғабыс ете білу өмірде тек үлкен жетістіктерге жетелейді. Мерейіңнің үстем болуында біреуді ала-жібін аттамау да маңызды. Жаңалықтар аясындағы «Жаңа бейне» айдарының бүгінгі кейіпкері - мәжілісмен ұстанымы осы. Ол кім? Еңбек жолы қандай? Парламент қабырғасында қандай мәселелерді көтермек? Әріптесім Жұлдыз Байділда жалғастырады.
 

Бүгінгі депутат, кешегі партия хатшысы Берік Дүйсенбинов  8 ағайынды отбасынан шыққан. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары. Марқұм әкесі  қойшы болса, анасы ғұмырының 35 жылын сауыншылыққа арнаған. 'Малды баға білмеген, пайданы таба білмейді'. Осы қағиданы жанына серік еткен болашақ депутат жастайынан әкесіне ілесіп, мал бағудың қыр-сырын жетік меңгеріп өседі.
Өміріміз әке-шешемізге көмектесумен өтті. Адамдардың еңбек стажы кәмелетке толған кезден басталады ғой. Біздегі ауылдағы адамдардың еңбек стажы ат жалын тартып мінгеннен басталады.
 
Бала күнінде көрген-білгені кейіннен жанұя құрып, жауапкершілігі екі еселенген тұста алдынан шығады. Табыс кілті еңбекте екенін ұғынған отағасы талай жоғары қызметтер атқарса да мал шаруашылығымен айналысуды тоқтатқан емес.   
 
БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Сол кезде жайлауда 12-13 жастағы адам 1 табын яғни 700 бас қойға ие болып жайлауда бір жұма болатынбыз. Алтай тауында. Қазір 12 жастағы балаға үйдегі қоқысты таста десең, соның өзі ауыр болып көрінеді.
 
Тарих факультетін бітірген Берік Дүйсенбиновтың өмірі партиямен де тығыз байланысты. Ал оған дейін, кеңес үкіметі құлаған тұста, Германияда екі жыл азаматтық борышын өтеген. Ешкімнің ала-жібін аттамай өскен жас жігіт әскерде жүріп, намысын таптатпауды да үйренеді. Елі мен жеріне деген ыстық ықыластың ұшқыны да осында жүріп шыңдалған. Берік Дүйсенбиновтың пайымынша, қоғамдағы бар мәселені матап-шырмап тұрған  жемқорлық. Депутаттың бүгінгі қоғамдағы жан күйзелісі де осы.
 
БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Кез келгшен кәсіпкерлікті, кез келген жақсы идеяны құртатын  жемқорлық. Жемқорлықтың басталуы  заңның әрпінен басталады. Заң сапалы түрде жазылатын болса, онда жемқорлық азаяды. Осындай мақсаттарымыз бар.
 
Ал бүгінге дейін қабылданған заң жобалары заманға сай. Бірақ, оның орындалу жолында кемшіліктер бар дейді ол. 
 
БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Атқарушы органдар халық алдында мөлдір болып, есеп беруі керек. Сот немесе мемлекетке деген сенімін жоғалтпауы керек.Меніңше, мына Президентіміз ұсынған 100 қадам халықтың сенімін қайтаруға бағытталған. Сотқа, билікке және мемлекетке деген сенімін қайтару. Халық пен биліктің, бай мен кедейдің ара-қатынасы тым алшақ болып барады бізде. Қобалжитын нәрсе сол.
 
«Ақ жол» партиясының атынан сайланған жаңа депутаттың саясаттағы қызметі «Азаматтық» партиядан басталған. Құрылғаннан бастап, «Нұр Отан» партиясы құрамына өткенге дейін табан аудармастан он жылға тарта еңбек етті. Бұрынғы Ұлттық Кәсіпкерлер Одағында кәсіпкерлер мәселесін терең зерттеді. Одан әрі «Ақ жол» партиясы Төрағасының орынбасары, кейіннен партияның аймақтар жөніндегі хатшысы қызметін атқарды.
 
Берік Дүйсенбинов  бүгінде 3 баланың әкесі. Бұдан бөлек, марқұм ағасының ұлын өз қарамағына алып, әкелік мейірім танытып отыр. Жұбайы Гүлнәзбен бірге ақжаулықты анасын да шатыққа бөлеп отыр. Қай кезеңде болмасын, батыр  анадан туған. Берік Дүйсенбиновтың айтуынша, өзінің бұл күнге жетуінде анасының рөлі ерекше.
 
ЗӘЙІМХАН НИЯЗБЕКОВА, АНАСЫ:
Толқығанда өзім сенбедім де. Көкесі де жоқ. Қалай өсіп кетті деп. Өзі талпынды. Еңбегінің арқасы бір жағынан. Жолдастарына сыйлы.Халықтың тілегін орындау керек. Халыққа бұлар енді өзін жақсы жағынан көрсете біледі деп ойлаймын енді. Сенімдімін.
 
Автор:
Жұлдыз Байділда, Батыржан Бесбаев, Басты жаңалықтар, Астана.
Дерек көзі - www.1tv.kz