30
Сәуір

Алаш мұрасын ардақ тұтқан жас ғалымдар

          

Бүгін Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында  «Ақ жол» партиясының дәстүрлі «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауының ІІ кезеңі өтті. Қазақстанның  «Ақ жол»  демократиялық партиясы Алаш мұрасы мен тағылымын зерттеп, зерделеу ісіне үлес қосып келеді. Бұл байқаудың басты мақсаты – жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылымға деген көзқарастары мен сүйіспеншілігін арттырып, Алаш мұрасының түбегейлі қарастырылуына жол ашу. Байқауға  республиканың және ҚХР, РФ Башқұрстан республикалары  бойынша сексеннен астам жұмыс қабылданып, соның жиырма бесі ІІ кезеңге өтті. ІІ кезеңдегі байқау жұмыстарына тарих ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-нің профессоры Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Қайдар Алдажұманов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Светлана Смағұлова,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» ҒЗИ директоры, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы сынды алаштанушы ғалымдар қазылық етті. Байқауды ғылыми жобаның авторы, алаштанушы Сәбит Байдалы жүргізді. Байқау жұмыстары 4 номинация бойынша қорғалып, тыңдалды. 12 жұмыс байқаудың финалына жолдама алды. Қалған 12 жұмысқа партия төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Азат Перуашевтің  «Алғыс хаты» және 25 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді.

Осымен бес жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан байқау арқылы көптеген жас ғалымдардың еңбегі еленіп, есімдері көпке танылды. Мысалы, Ержан Шағимолдин, Алма Сайлауқызы, Еркін Рахматуллин, Алмас Жүнісбаев, Күнсұлу Құрманова, Мархаббат Қозыбаева, Елдос Тоқтарбай сияқты жас ғалымдардың шоғыры осы байқау нәтижесі арқасында қалыптасты. Осы аталған байқау жаңа «есімдердің» атын шығарып, олардың ғылыми ортаға танылуына жол ашты.