АЛМАТЫЛЫҚ АҚЖОЛДЫҚТАР 9 МАМЫР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ
Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау алдына 1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған мерекелік шара ерекше өткізілді. Бұл мерекеде «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының Кеңес мүшелері мен белсенділері шет қалмады. Жеңіс туын желбіреткен ақжолдықтар 'Мәңгілік алауға' гүл шоқтарын қойып, шеруге қатысты.
Қалалық филиалдың қолдауымен жылсайынғы дәстүр бойынша «Мәңгілік полк» шеруі ата-әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың сол сұрапыл жылдары көрсеткен ерлігіне бағышталып өткізіліп тұрады.
Құйып тұрған жаңбырға қарамастан қалалық партияның өкілдері, партия ардагерлері сондай-ақ, қолдарына соғысқа қатысқан ата-бабаларының портреттерін ұстаған қала тұрғындары әскери оркестрдің сүйемелдеуімен лек-легімен жақындап келіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.
«Мәңгілік полк» - қоғамдық шеру акциясы. Бұл акцияның тарихы сонау 2007 жылдан бастау алады. Ол кездері «Жеңіскерлер шеруі» атауымен өтетін. «Мәңгілік полк» атауы 2012 жылы пайда болды. Сөйтіп, 2013 жылы аталмыш акция әлемнің 120 қалаларында таралды. Бір жылдан кейін 7 мемлекеттің 500 қаласында жергілікті тұрғындар майдан жауынгерлерінің туған- туысқандары портреттермен көшелерге шығып еске алу акциясына қатысты.