30
Маусым

Санат жоқ 30.06.2016

Азат Перуашев Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай және Алаш қозғалысының 100 жылдығының қарсаңында Алашорда өмірінен жазылған «Мұрат үшін майдан» пьесасын сахналауды ұсынады

 2016 жылдың 30 маусымы, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай және Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында Алашорда өмірінен жазылған «Мұрат үшін майдан» пьесасын барлық облыстық және Астана, Алматы қалаларының драма театрларының репертуарларына енгізіп, сахналау туралы ұсыныс енгізді. Бұл туралы ол облыстардың және Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне жолдаған хатында мәлімдеді.
Биыл Алаш қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы. Алаш ардақтысының тойы – барлық «Алаш» деген қазақтың ортақ тойы. Қазақтың дара туған ұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен аталып өтілетіндігі жайлы шешім шыққаны белгілі. Ал келесі – 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы. «Алаш жолын халықаралық деңгейде де, ел аумағында да зерделей түссек,  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жария еткен қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік ел» мұраты да баянды болмақ. «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев «қалай болғанда да осы маңызды оқиғаға үн қосып, танымдық, тағылымдық тұрғыдан қоғам санасында сілкініс туғызатын мазмұнды шараларды іске асыруды қамтамасыз ету қажет»,- деп атап өтті.
Оның бір жолы - Алаш мұраты мен тұлғаларының бейнесін көркемөнер күшімен түсіндіру, ұқтыру мемлекетіміздің, ұлтымыздың, әсіресе, жас ұрпақтың рухын оятатын іс-әрекеттер жасау. Осы орайда, Алашорда өмірінен алынған 4 перделі, 6 суретті деп жоспарланып, аяқталмай қалған «Мұрат үшін майдан» атты драмалық пьесасының табылғаны олжа болып отыр. Шығарманың авторы Мұқтызар Титақов – 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Пьесаның табылғаны бір жаңалық болса, оның авторы да Алаш қозғалысындағы тың есім. Автор туралы аздаған деректер мен туындының түпнұсқасы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Семей қаласы басқармасының мұрағатында сақталған М.Титақовтың саяси қуғын-сүргін күш ала бастаған 1935-1936 жылдары Алаш үкіметінің қайраткерлері туралы пьесаның бірнеше көрінісін қағазға түсіруі қайсар рухтан туатын әрекет. «Ақ жол» демократиялық партиясының тапсырысымен танымал жазушы-драматург Өтен Ахмет 1937 жылдың құрбаны, Алаш сарбазы Мұқтызар Титақовтың аяқталмаған пьесасын жандандырып, толыққанды шығарма етіп шығарды. Алаштанушылар мен әдебиетші-ғалымдар бұл туындыны қазақ драматургиясы үшін тосын жаңалық деп бағалап, елдік тарихымыздағы аса құнды жәдігер санап отыр. Ал, драманың жазылғанынан бергі 80 жылдың ішінде, Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылға жуықтағанымызды қоса есептегенде, Алаш мұраты туралы бірде-бір пьеса жазылмаған.
Енді міне осы олқылықтың орнын толтыру мүмкіндігі туып тұр. «Ақ жол» партиясы «Мұрат үшін майданның» бас кейіпкерлерінің бірі, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның, Алаш қозғалысының басқа да көрнекті қайраткерлерінің идеялық мұраларын тарату мен оны бүгінгі күннің кәдесіне жаратудың, сондай-ақ олардың бейнелерін көркемөнер туындыларында, соның ішінде театрлар сахналарында сомдаудың да жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, тәрбиелеуде маңызы ерекше деп санайды.
Азат Перуашев Астана, Алматы қалаларының, барлық облыс әкімдерін Алаш рухын жаңғыртуға, ұлттық тарихты ұлықтауға тағы бір сүбелі үлес қосып, «Мұрат үшін майдан» пьесасын облыстық, қалалық драма театрларының репертуарына енгізіп, сахналау мәселесін шешуге шақырады. Еліміздің қай өлкесінде болсын, Алаш қозғалысы дәуірінің тарихи іздері мен Алаш қайраткерлерінің шарлаған жолдары жатыр.  
Ол өзінің хатын Алаш тарихына бай Астана, Алматы шаhарларының, республика өңірлерінің Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығы мен оның төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арнаған зор тартуы болар еді деп түйіндейді.