«Ақ жол» ҚДП орталық кеңсесінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойының құрметіне шығарылған пошта маркасын таныстыру рәсімі өтті
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 12 шілде 2016 жыл
Бүгін «Ақ жол» ҚДП орталық кеңсесінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мерейтойының құрметіне шығарылған пошта маркасын таныстыру рәсімі болып өтті. Оған «Ақ жолдың» тапсырысымен осы марканы шығарған «Қазпошта» АҚ-ның қызметкерлері, елімізге белгілі алаштанушылар, жұртшылық өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты жиынды ашқан «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев партияның Парламенттік фракциясының атынан былтыр желтоқсан айында «Қазпошта» АҚ-ның басшылығына сауал жолдап, онда халықаралық деңгейде мойындалған, саңлақ саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, көсемсөздің шебері Әлихан Бөкейханның мерейтойы құрметіне арнайы пошта маркасын шығаруды ұсынғанын, «Ақ жолдың» бастамасы Қазпошта тарапынан қолдау тапқанын, номиналы 5 теңгелік пошталық маркалар «ҚР Ұлттық Банкі Банкнот фабрикасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынында басылып шыққанын айтты.
Пошта маркасын айналысқа енгізудің осы тұсаукесер рәсімінде алаштанушы ғалымдар: Сұлтан Хан Аққұлы, Ербол Тілешов, Сағымбай Жұмағұлов, қоғам қайраткерлері: Кенжеболат Жолдыбай, Қайырбек Сәдуақасов, Әлихан Бөкейханның туысқаны Асылхан Тілеуқабыл, «Қазпошта» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егембердиева, «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Сәбит Байдалы сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейханның биылғы 150 жылдығына және келесі жылғы Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толатынына орай ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Одан кейін конверттерге арнайы пошта мөрқалыбы басылып, қолтаңбалар қалдырылып және олармен алмасу жүргізілді. Енді қазақ тарихындағы қайталанбас асқақ дара тұлға - Әлихан Бөкейханның жарқын бейнесі бар мөлшері 26 х 18 мм пошта маркасы 2 500 000 данамен айналысқа түсіп, шартарапқа шарлап кететін болады.
Салтанатқа қатысушылар «миллет қамын ойлап, бастарын ұлт бостандығы жолында қатерге тіккен қазақтың аймаңдай ұлы – Әлиханның hәм онымен бірге Алаш қозғалысына атсалысып, нақақтан-нақақ шейіт болған асыл ерлердің әзіз рухына жасалар құрмет ешқашан кемімесін, оларды лайықты ұлықтау бағытындағы иманды іс-шаралар, сауапты, қайырлы жұмыстар жалғасын таба берсін» деген игі тілектерін айтып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.