Қытайдағы қазақ қаламгері 'Ақ жолға' ақ жол тіледі
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 2016 жылдың 15 тамызы
Алтайдың ар жағынан келген айтулы қаламгер 'Ақ жолға' ат басын тіреді.
15 тамызда Алматыда Қытай Халық Республикасы, Алтай қаласынан арнайы келген белгілі қаламгер Көбен Асқарұлы 'Ақ жол' партиясына сәлем бере келді.
Көбен Асқарұлы 1938 жылы қарашада ҚХР Алтай қаласы Қыран өзені бойында дүниеге келген. 100 жылдығын Қытай да, Қазақстан да қатар атап өткен әйгілі қаламгер-қайраткер, Шығыс Түркістандағы Алаш қайраткерлерімен тізе қосып еңбек еткен Асқар Татанайұлының ұлы, ақын-жазушы, зерттеуші, журналист, ҚХР Жазушылар одағы мүшесі, көптеген халықаралық мүшәйралардың жүлдегері, 'Ақ жол' партиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық мүшәйрасының жүлдегері.
'Ақ жол' партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса Қытайдан атамекенге келген қаламгердің кеудесіне 'Ақ жол' партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы атынан 'Қазақ хандығына 550 жыл' медалын тақты.
Сонымен қатар 'Қазақ хандығына 550 жыл' медалымен Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылынан келген ел ағасы, ауылшаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер, 'Ақ жол' партиясының өкілі Жұмабай Исым да марапатталды.
Қазыбек Иса еліміздің атқарып жатқан игі істеріне, партияның Көші-қон мәселесіне байланысты жасап жатқан шараларына, жалпы рухани-мәдени салаға қосып жатқан үлестеріне тоқталды.
Өз кезегінде Көбен Асқарұлы өзі үшін орны ерекше жоғары марапат үшін 'Ақ жол' партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевқа алғысын білдірді. 'Ақ жол' партиясының қазақтың рухани-мәдени саласындағы ірі шараларын атап өтіп, партияға Ақ жол тіледі. Қытайдағы қазақтар да елімізге елеңдеп, 'Ақ жолдың' игі істерін қолдап отыратындығын жеткізді.
Ал Жұмабай Исым 'Ақ жол' партиясының парламенттегі қажыр-қайраты мен ауылшаруашылығына тигізіп жатқан үлестері үшін, атап айтқанда, субсидия мәселесіндегі түйткілдерді шешіп, дихандардың ықыласына бөленгені үшін шардаралық сайлаушылар атынан алғыс айтты.
Шараға 'Ақ жол' партиясы ОК хатшысы Арман Сқабылұлы, партияның Алматы қалалық филиалы жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен партия белсенділері қатысты.