«Ақ жол» Қостанай облысындағы ауылдарының бірінде ауыз судың сапасы мен оған қойылған төлемақының мөлшеріне шағымданған өтініш хаты бойынша тиісті мемлекеттік мекемелерге хат жолдады
2016 жылдың 2 қыркүйегі, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Қостанай облысының әкімдігі
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
табиғи монополияларды реттеу
және бәсекелестікті қорғау комитеті
«Ақ жол» ҚДП Қостанай облысы Арқалық қаласы Жалғызтал ауылының тұрғындарының атынан жазған Кабжанов Сапарбектің аталған ауылда ауыз судың сапасы мен оған қойылған төлемақының мөлшеріне шағымданған өтініш хаты келіп түсті.
Өтініш хаттан белгілі болып отырғандай, 2012 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде Жалғызтал, Целинный, Матросово ауылдарына су құбыры тартылған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің 2015 жылғы 22 қыркүйектегі №307 бұйрығымен 1 текше метр суға 3992,49 теңге мөлшерінде тариф бекітілген.
Алайда, өтініш хатта қалалық су бөлімінің шешімімен ауыз судың бағасы 4190 теңгеге көтерілгендігі, сондай-ақ судың сапасы төмен, ішуге жарамсыз, ащы және кермек дәмі бар екендігі баяндалады.
Қазақстан бойынша ауыз суға бекітілген орташа тарифтің сомасы 1 текше метрге шамамен 100 теңгеден аспайды. Мысалы «Астана су арнасы» МКК жеке тұлғаларға бекіткен тарифі 105,56 теңге, «Алматы су» МКК – пайдаланылған су көлеміне қарай 28 теңгеден 62 теңгеге дейін, «Каспий су» МКК – 85,5 теңге, «Семейводоканал» МКК – 45,55 теңге.
Ал, Жалғызтал ауылына қойған тарифті Қазақстан бойынша орташа тарифтермен салыстыруға да келмейді.
Осыған орай, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қаражат есебінен мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ауылды елді мекендердің халқын өркениетті ауыз суға қолын жеткізу үшін салынған су құбырына бекіткен тариф үлкен сұрақ туғызады.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты, аталған мекеменің бұндай ойға сиымсыз тарифті қоюына қандай негіз болғандығына және жергілікті атқарушы органдар осындай әділетсіздікке неге жол бергендігіне бағам беріп, мәселенің ауыл халқының пайдасына шешілуін бақылауға алуларыңызды өтінемін.
Қабылданған шешім туралы «Ақ жол» ҚДП заңнамамен белгіленген мерзімде хабардар етулеріңізді сұраймын.
Партия төрағасы
Мәжіліс депутаты А. Перуашев
@: К. Амирханов
тел: 8 (7172) 602-686