«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 2016 жыл. 9 желтоқсан.
Кеше, 8 желтоқсанда «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол - жастар» жастар қанаты Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында драматург Өтен Ахметтің «Азаппен өткен өмір-ай» атты драмалық қойылымын ұсынды.
Драмалық қойылымға: 'Ақ жол' партиясының төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаттар Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов, зиялы қауым өкілдері мен Астана қаласының тұрғындары қатысты.
Ғасырлар тоғысында адамзат тарихының беймəлім тұстары жетерлік. Ақыл мен сана, еркіндік пен батылдық, шынайылық пен əділдік үстем құру үшін талай кезеңді өткердік. Уақыт ешкімді аямайды, аяғанда жоқ. Ұлтым деген ұл туса қуанған халықпыз. Елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, қылышынан қан тамған алмағайып заманның ырқына көнбей, мұратқа жету жолында табандылық танытқан арыстарымыз бүгінгі күннің тұлғалы тарихына айналды. Соның бірі ұлт ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі - Ахмет Байтұрсынұлы. 'Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді' - деп, халқымыз бекер айтпаған. Қазақ тілі білімі мен əдебиеттану ғылымдарының негізін салып, ағартушылық қызметімен қоса халқымыздың 20-шы ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі болған, шоқ жұлдыз Ахмет Байтұрсынұлы мен жан жары Александра (Бəдрисафа) ел есінен ұмытылмауы тиіс. Қуғындау мен жалған жала, жағымпаздық пен асыра сілтеушілік көпшіліктің көздеріне жас алдырып, көңілдерін босатпай қоймады. Көрерменнің ыстық ықыласы мен түрегеп тұрып ду қол шапалақпен ризашылығын білдіруі, талантты жастардың таудай талабы Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының қиян кескі өмірін суреттеп, барынша көрермен жүрегіне жеткізуге тырысқаны қойылым барысында анық байқалды. Қойылымда Алаш арыстарының ақын, ағартушы, жүрегі елім деп соққан – Ахмет Байтұрсынұлының қуғынға ұшырағаннан кейін оның жары Бәдрисафаның (Александра) басынан өткен өмірінен сыр шертеді. Қанша қиындық көрсе де, соңғы демі қалғанша шыдап баққан Бәдрисафа (Александра) өзінің адал жары Ахмет Байтұрсынұлына деген махаббаты арқылы қазақтың тілінде, дінін де, салт-дәстүрінде қабылдағаны баяндалған.
Қойылым соңында Қазақстанның 'Ақ жол' Демократиялық Партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты Азат Перуашев «Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 – жылдығы қарсанында осындай драма қойылымы өте орынды және жастардың қойылымдағы актерлік шеберліктері көңілден шықты», - деп атап өтті. Жалынды жастарға ризашылығын білдіріп, қойылым өте әсерлі болғанын айтып, депутат Азат Перуашев жастарға алғыс хат табыстады.
Драмалық қойылымның авторы, жазушы, драматург Өтен Ахмет сөз сөйлеп, бұл қойылымның осы күнге белгіленуінің себебі де жоқ емес, өйткені осы күні Ахмет Байтұрсынұлының оққа ұшқан күні екенін атап өтті.
Жастардың табанды еңбекқорлығы мен аз уақыттың ішіндегі жинаған тəжірбиелерін тілге тиек еткен 'Ақ жол' ҚДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев көпшілікке Алашорда үкіметінің қазақ тарихындағы ойып алар орны туралы айтты.