«Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық баспасөз қызметі. 2017 жылдың 7 ақпаны
Бүгін депутат Екатерина Никитинская Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында Алматы қаласындағы Түрксiб ауданына қарасты №83 мектеп-гимназия ұжымымен кездесті. Шараға «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Дмитрий Васильев және №83 мектеп-гимназиясының білім ордасының оқытушы құрамы қатысты. Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған жиынды №83 мектеп-гимназиясының директоры Ажар Нұрғалиева ашып, жүргізіп отырды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жетістіктерге бастайтын, сондай-ақ дұрыстығын уақыт таразысында көрсете алатын стратегиялық құжат болып табылатын биылғы Жолдауы әрбір қазақстандыққа осы берекелі, бірлікшіл тұрмысымызды сақтап, саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуді міндеттейді. Елбасы Жолдауы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетіп, жетістіктерімізді нақтылай түсті, – деген Ажар Нұрғалиева мектеп-гимназия ұжымының Жолдауды талқылап, оған қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатқандығын айтты.
Негізгі сөзді алып, үлкен баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Екатерина Никитинская Жолдаудың мән-маңызы мен ерекшелігін көпшілікке кеңінен түсіндіріп, онда көрсетілген бес басымдықтың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Атап айтқанда, құжаттағы оқу процестеріне ІТ білімді енгізу, жаңа индустрияны енгізуде цифрлық технологияны қолдану, қаржылық біліктілікті көтеру, үштілділікті дамыту, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, кәсіптік білімді дамыту, тұрғындардың сапалы білім алуына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талдап берді.
Халық қалаулысы әсіресе, маңызды салалардың бірі болып табылатын білім беру мәселесін тереңнен сөз етті.
«Мемлекет басшысы Жолдауының төртінші басымдығы адами капитал сапасын жақсартуға арналған. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын дамыту жөніндегі жүйелі көзқарас. Экономикалық өсудің жаңа моделінде білім беру орталық буынға айналуға тиіс. Біріншіден, оқу бағдарламаларын жаңғырту, яғни «сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру» жөнінде міндет қойылып отыр. Қазір мазмұны жаңартылған оқу бағдарламалары мен оқулықтарын, сондай-ақ білім алушылардың оқу жетістіктерін өлшемшартпен бағалау жүйесін кезең-кезеңмен байқап көру жұмысы аяқталды», – деді Екатерина Никитинская. Білім саласын кеңінен тілге тиек еткен халық қалаулысы сөз соңында «Білім беру жүйесінің сапасына ерекше назар аударылады. Жоғарғы оқу және орта білім беру орындарының кадрлық құрамына, олардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне және білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет», деді.
Сұхбат түрінде өткен кездесу барысында оқу орынның ұстаздары көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар ала алды. Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген міндеттерге орай өз ұсыныстарын да білдірді.
Жиын соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская маңызды құжатта жүктеліп отырған жауапкершілікті терең сезінуге және оның орындалуына бірге атсалысуға шақырды.