08
Ақпан

Санат жоқ 08.02.2017

Туристік өңірдің мәселесі де көп

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі. 2017 жылдың  7 ақпаны

Депутат Меруерт Қазбекова Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Бұл кездесуді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мәликә Нұрпанова ашып, кіріспе сөз сөйледі.

Әңгіме бизнес партиясы ретінде кәсіпкерлер мүддесін қорғау мәселесіне ғана қатысты емес, Елбасы Жолдауында негізгі көтерілген мәселе экономиканы жаңғырту жайы болғандықтан жергілікті жерде қаржылық әлеуеттің жақсаруына ықпал ету бағыттары кеңінен талқыланды.

Халық қалаулысы осы жылдар ішіндегі екі экономикалық жаңғыруға да тоқталып өтті. Ал, бұл жолғы жаңғырудың маңызы зор. Бүгінгі жаһандық дағдарыс кезінде одан мүдірмей шығудың жолын қарастыру болып табылады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде мұндай жаһандық дағдарыстар  экономикалық өрлеуге мүмкіндік беретінін де естен шығармауды тапсырған еді. Сондықтан ел экономикасын жаңа заманға лайықтап дамыту үшін ең алдымен жаңа технологияларға негізделген салаларды өркендетуге көңіл бөлінуі тиіс.

Біз осы күнге дейін кешегі кеңес дәуірінен қалған ескі экономиканы жаңалап, тәуелсіз елдің қарқынды дамуына серпін бергіздік. Енді ешкім жасамаған жаңа өндіріс түрлеріне ден қою арқылы мемлекеттің әлемдегі дамыған отыз елінің қатарына қосылуына жол ашамыз.

Меруерт Қазбекова жиналғандарға мемлекеттің кәсіпкерлікке ерекше қолдау жасап келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл қолдау енді бұдан да өріс алып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы көрініс табатынын атап көрсетті. Ешкім елдік істен сырт қалмауы тиіс. Бизнес түптің түбінде жалпы ұлттық өнімнің елу пайызын иеленуі керектігі жөнінде де келелі міндеттер қойылып отыр.

Бурабай – өңірдегі туризмнің ошағы іспеттес. Мұнда кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Жолын тапқандар өзін де қамтып, өзгеге де жұмыс тауып беріп отыр. Бұл өңірде мұндай іргелі кәсіпорындар жетерлік.

Ақжолдық депутат облыстағы іргелі құрылыс компаниясының директоры, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Копишевті де осыған үлгі етті. Кәсіпкер жігіт сөз алып, бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қаншама жақсы бағдарламалар қабылданып жатқанын мысал ретінде айтты.

Ал, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев та  жаңа экономикалық жаңғыртудың басым бағыттарын жан-жақты айтып берді.

Өз кезегінде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Олар мемлекет тарапынан берілетін қолдау қаржы бағдарламалары жөнінде сұрады. Заң шығару барысында жергілікті кәсіпкерлердің мұң-мұқтажына қатысты кедергілерді алып тастау үшін нормативтік талаптар енгізуді сұрады. Сонымен бірге, монополиялық кәсіпорындар тарапынан әлі де болса тосқауылдар көп екенін атап көрсетті.

Меруерт Қазбекова осы мәселелерді тыңдай келіп, әр сауал жан-жақты сараланып, тиісті шешім шығарылатынын жеткізді. Ең бастысы, Елбасы Жолдауы осы елді толғандырған мәселелерге жауап беретінін, ол үшін әркім өзінің белсенді кейпін танытуы аса қажет екені баса айтылды.