«Ақ жол» ҚДП-ның Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол» жастар қанатының 2 жылдығы аясында ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына арналған облыстық шахмат турнирі өткізілді.
Жалындап өткен жас ғұмырында ұлттық әдебиетімізге жаңа бағыт әкеліп, сырлы да сағыныштан жаралған өлеңдері арқылы өшпес із қалдырған ақын Төлеген Айбергеновтың орны қазақ халқы үшін бір төбе. Көз тірісінде-ақ қазақ әдебиетінің алыптары мойындаған Төлеген жырларының құдіреті әлі күнге дейін оқырмандарын жоғалтқан емес. Ақын Төлеген Айбергеновтың өнегелі өмірін қай салада болмасын насихаттауға тұрарлық, осы орай да 2017 жылдың 18 ақпан күні «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол» жастар қанатының 2 жылдығы аясында ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жылдығына арналған 12 ш/а орналасқан №12 орта мектебінде шахматтан облыстық турнир өткізілді.
Турнирдің басты мақсаты: Ой өрісін дамытуға пайдасы мол шахмат ойынын жастар арасында насихаттау. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын сақтап, аула клубтарының тәрбиеленушілері үшін достық, ынтымақтастық қарым-қатынасын қалыптастырып, ақын Төлеген Айбергеновтің шығармаларын таныту.
Турнирге Ақтау қаласындағы аула клубтары мен мектеп оқушылары қатысты.
Шахмат турнирі А.С.Саркисовтың басқаруымен өтті. Сонымен қатар, 1 сынып пен 6-7-11 сынып оқушылары арасында өткен шахмат турниріне қатысқан ойыншылар Швейцар жүйесімен бақ сынады. Шара соңында аула клуб тәрбиеленушілері әр-түрлі орындар бойынша марапатталды. Марапаттауға ҚДП «Ақ жол» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев, «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Сали Абдуллаев, Маңғыстау облыстық «Семей ядролық сынақ полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Нұрғалиев қатысты.