2017 жылғы 15 наурыз, «Ақ жол» ҚДП баспасөз-қызметі
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
Б.Ә.Сағынтаевқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Үстіміздегі жылдың 18-қаңтарында «Ақ жол» партиясының фракциясы Үкімет атына уақыты өткен салық төлемдерін талап ету мерзімін қазіргі қолданыстағы 5 жылдан 3 жылға дейін шегеру туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Мұндай сауал жолдауға қолданыстағы заңның кәсіпкерлерге тым ауыр тиетіні және өндірушілердің өтініші себеп болды. Бұл заң бес жыл өтіп кеткен салықты қайта тексеру барысында осы уақыт аралығындағы мерзімге айыппұл мен қосымша құн қосып төлетуге жол ашады. Яғни осы мерзімге қайтадан салық төлейді деген сөз. Осындай миллиондаған қаржы төлететін қатаң шаралардан соң кәсіпорындар тұралап, тіпті олардың жабылып қалуына дейін жеткізеді.
Өз сауалында «Ақ жол» партиясы көрші Ресей елінде уақыты өткен салықты қайтару мерзімі 3 жыл ғана екенін де мысалға келтірген болатын. Кәсіпкерлердің өздерінің өтініші бойынша экспортқа байланысты операциялардан алынатын салықты қайтару мерзімін 5 жылға соза алады. Осы тәжірибені мысалға келтіре отырып біз Салық кодексіне ресейліктер сияқты уақыты өткен салықты талап ету мерзімін 3 жылға шегеруді, ал кәсіпкерлердің өздері өтінген жағдайда 5 жылдық межені қалдыру туралы ұсыныс жасағанбыз.
Алайда, депутаттық сауалымызға орай 17 ақпанда Үкіметтен келген жауап біздің еліміздегі кәсіпкерлердің өтінішін қанағаттандыра алмайды. Келген жауапта бұл 5 жылдық мерзім сол кәсіпкерлердің мүддесіне орай қарастырылған деп жазылған. Салықты есептеу мен қайтару мерзімі, салық азайған жағдайда тексерістерді жиілету ескерілген делінген. Мұндай жауап жұмсартып айтқанда санаға сиымсыз, ешқандай сын көтермейді. Бұл жіберілген құжатқа қарасақ, біздің бизнес 5 жылдық тексерісті өз еркімен тілеп алғандай көрінеді. «Ақ жол» партиясының бұл мерзімді 3 жылға қысқарту туралы ұсынысы мүлдем ұмытылған. Олай болса біз несіне сауал жолдап отырмыз, кәсіпкерлер қатаң салықтық жүйеден араша сұрап отырған жоқ па? Бұл жауапқа қарасақ 5 жыл бойғы салықты қайта төлеуді өндірушілердің өздері сұрап алғандай болып шығады. Бұл атақты «Ревизор» пьесасындағы унтер-офицердің «өзін-өзі сабаған» жесірін еске түсіреді. Бұны Үкіметтің атынан біздің сауалға жауап дайындаған салық органдарының екіжүзділігі мен кәсіпкерлердің мүддесін мүлдем түсінбегендігі деп бағалауға болады.
Осы жерде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 3-ақпанында Үкіметтің отырысында айтқан мына бір сөзін еске алмасқа болмайды. «Бұл Салық кодексін біреу қасақана жасаған секілді… Салықтық заңнама іскерлік белсенділікке ықпал ету керек» деген Елбасының берген бағасы бар шындықты көрсетіп тұр. Елбасымыз сол жолы барынша қарапайым және көпшілікке қолданыста ыңғайлы жаңа Салық кодексін дайындауды тапсырған болатын.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Елбасының тапсырмасына орай жаңа Салық кодексін дайындау барысында «Ақ жол» партиясы фракциясы сауалында көрсетілгендей бүгінгі қолданыстағы 5 жыл өткен салықты талап ету мен тексеру мерзімін 3 жылға қысқарту және төлемшілер өз еркімен өтініш білдірген жағдайда ғана оған 5 жылдық мерзімді қалдыру туралы ұсынымызды қайта қарауды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» партиясы депутаттары
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламасын іске асыру бағытында қазақстандық бизнесті қолдау жұмысын жалғастырады.