16
Наурыз

«ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ- ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Ақ жол» ҚДП-ның Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі, 2017 жылдың 16 наурызы

 

         2017 жылдың 10 наурыз күні,  Алматы қаласы, Қазақстан Жазушылар одағында,  Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанаты мен «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының ұйымдастырумен өзінің аз ғана ғұмырында ұлттық әдебиетімізде өшпестей із қалдырған ақиық ақын  Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына арналған  «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Түрік, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан мемлекеттері мен Қазақстаннның барлық облыстарынан қонақтар, Алматы қаласының студенттері мен магистранттары, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.

         Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ф.ғ.к. Әділғазы Қайырбеков жүргізіп отырды.

Конференция  шымылдығын ашу үшін  Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай және Төлеген Айбергеновтің жақын досы,інісі, ақын Мұxтар Шаxанов құттықтау сөз сөйледі.

Конференция барысында «Ақындық сүйегіне біткен бозбала» тақырыбында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ф.ғ.д.,профессор Мекемтас Мырзахметұлы,  «Мағжаннан Төлегенге, Төлегеннен  бостандыққа ұласқан «Сағыныш»...» тақырыбында «Қазақ елі» журналының Қырғызстандағы  тілшісі, ф.ғ.д., Түрік елінің азаматы  Оғыз Доған,  «Жазғытұрғы тоғыстың әуіріндей» атты Төлеген туралы толғауын Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Светқали Нұржан, «Төлеген Айбергенов өлеңдерінің  драмаға әсері» атты Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы»  пьесасы негізінде М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Өнертану кандидаты  театр және кино бөлімінің меңгерушісі Мұқан Амангелді, «Ақындық әлемге алғашқы қадам» тақырыбында ф.ғ.к., доцент Салтанат Айбергенова, «Айбергенов айшықтары» тақырыбында ақын, Мақсет Әлсейітов, «Конференция мақалаларына шолу» тақырыбында ТарМПИ,  «Бауыржантану» ҒЗО ғылыми қызметкері, п.ғ. магистрі Әлімбай Аманбайұлы Найзабаев пленарлық мәжіліс баяндамаларын оқыды.

Жарыссөзге медицина ғылымының докторы, профессор,  медицина ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, Төлеген Айбергеновтің оқушысы болған Оразбай Әбдіразақұлы,   жазушы  Зәкір Асабаев,  жазушы Еркінбай Әкімқұлов өздерінің естеліктерімен бөлісіп, сыр шертті.  

Конференция соңында Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау облыстық филиалының Төрағасы Жаңбырбай Матаев Жәнібекұлы, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының Төрағасы  Сали Абдуллаев және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып  конференцияға қатысушыларға сертификаттарын табыстап, алыстан-жақыннан келген қонақтарға алғыстарын айтты.

Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға көршілес Түрік, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғыстан мемлекеттерінен, еліміздің барлық аймақтарынан  70-ге жуық  баяндама келіп түсті. Сол баяндамалар ішінде жақсы деген жұмыстар іріктеліп, жинақ болып басылып шығады.

Халықаралық ғылыми- теориялық конференцияның резалюциясы қабылданды.

1.ҚР Үкіметіне ОҚО Шымкент қаласындағы Т.Айбергенов көшесіне ескерткіш орнату туралы ұсыныс жолдау;

2.ҚР Білім және ғылым министрлігіне ОҚМПИ жанынан  «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу туралы ұсыныс жолдау;

3.Қазақстан Жазушылар Одағына Төлеген Айбергеновтің толық шығармалар жинағын басып шығаруды ұйымдастыру;

4.Алматы қаласы әкімдігіне Бұқар жырау көшесіндегі №81 мектепке Т.Айбергенов атын беріп, бекіту туралы ұсыныс жолдау;

5.Алматы қаласы әкімдігіне Алматы қаласының орталығындағы Мархов көшесін Т.Айбергенов көшесіне ауыстыру туралы ұсыныс жолдау;