16
Мамыр

Жас ғалымдар Елбасы мақаласын қолдап, өз пікірлерін білдірді

16 мамыр  2017 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі.

Бүгін Қазақстанның «Ақ жол» партиясының жанынан құрылған жас зерттеушілердің «Алаштың Ақ жолы» атты интеллектуалдық, ғылыми-танымдық клубының кезекті отырысы болып өтті. Отырыс барысында жас алаштанушы-ғалымдар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талдап, өздерінің ойларын ортаға салды. Алқалы жиынға белгілі алаштанушы-ғалымдар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері және партияның белсенділері қатысты. Қоғамдық өмірде резонанс тудырған Елбасы мақаласы негізінде  клуб мүшесі, тарих ғылымының магистрі, физика-математика бағытындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы Е.Шағимолдин ұлттық кодты сақтау мен оның маңызы, латын қарпіне көшудің негізгі жолдары жайында арнайы баяндама жасаса, Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Е.Еңсебай «Туған жер» қағидасы аясында жастар мен жасөспірімдерді патриоттық, елжандылық бағытта тәрбиелеудің маңызын заманауи мысалдармен түсіндіріп берді. Елбасы мақаласын талдауға арналған жарыссөзде клуб мүшесі Д.Наурыз, «Ақ жол» ҚДП идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы, алаштанушы С.Байдалы, ақын, Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың иегері Б.Тобаяқов өздерінің көзқарастары мен ұсыныстарын білдірді. 

Отырыстың екінші бөлігінде Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына арналып жарық көрген PhD, әлихантанушы-ғалым С.Аққұлының «Әлихан Бөкейхан», т.ғ.д., профессор З.Қабылдиновтың «Астана: прошлое и настоящее», ф.ғ.д., профессор С.Жұмағұлдың «Әдебиеттегі Әлихан Бөкейхан бейнесі», ф.ғ.к., доцент Қ.Кемеңгердің «Әлихан әлемі» және «Ақ жол» ҚДП-ның қызметкерлері, С.Байдалы мен Е.Тоқтарбайдың құрастыруымен жарық көрген «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми жинағының төртінші, бесінші шығарылымының беташар рәсімі өтіп, жиналған қауымға таныстырылды. Салтанатты шара барысында «Ақ жол» ҚДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Перуашев,  профессор З.Қабылдинов, алаш қайраткерінің ұрпағы Р.Бисенова, жазушы-драматург Ө.Ахметұлы, жазушы Ж.Шәкенұлы және жас алаштанушы-ғалым Ғ.Ғазезов құттықтап сөз сөйледі.