12
Сәуір

«Ақ жол»: Елімізге бағасы 30 жаңа мектеп немесе ауруханаға тең шаңғы трамплині керек пе?

12 сәуір 2017 жыл«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

Елімізге бағасы 30 жаңа мектеп немесе ауруханаға тең шаңғы трамплині керек пе? - бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» депутаттары Щучинск қаласындағы шаңғы трамплиннің құрылысына пайдаланылған қаражаттың тиімділігі және одан кейінгі шығындардың мақсаттылығы туралы мәселе көтерді.   Депутаттық сауалды Дәния Еспаева жолдады. (толық мәтін төменде берілген).

 

                                                                                      Қазақстан Республикасының
                                                                                                    Мәдениет және спорт министрі
                                                                                                    А.Мұхамедиұлына

 

Депутаттық сауал 

Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы!

Ақмола облысы Шучинск қаласындағы шаңғы спортының Республикалық базасы құрылысын іске асыру жобасы 2005 жылы басталды.

Жобаның бастапқы бағасы «Мемсараптама» РМК-ның қорытындысына сай 9 млрд 346 млн.теңгені құрады, аяқталу мерзімі 2008 жыл.

2009 жылы бюджетке түзетулер жүргізіліп, жобаның жалпы құны 15 млрд. 244 млн. теңгеге артты.

2016 жылдың 22 қыркүйегінде бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес жоба-сметалық құжатына тағы түзетулер енгізіліп, жоба құны 38 млрд. 531 млн. теңгеге өсті.

Осылайша, бұл жобаны еліміздегі ең ұзақ салынып жатырған құрылысқа жатқызуға болады, ал оның құны бастапқы есептеуден 4 есеге көтерілді.

2015 жылдың мамыр айында Сіз, дәйексөз келтіремін «Нысан қазір 90%-ға дайын. Трамплин құрылысын аяқтау қалды» және 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастайды деп мәлімдеген едіңіз.

2016 жылдың 23 ақпанында Сіз тағыда Щучинск қаласындағы шаңғы спортының Халықаралық орталығы осы  жылдың ішінде жұмысын бастайды, себебі «База дайын, тек трамплиндер әлі толық аяқталмады» деп айтқан болатынсыз.

Ал 2016 жылдың қыркүйегінде Министрлік бұл жобаның бюджетін тағы 23 млрд. теңгеге көбейтті.

Жоба 90%-ға дайын болған кезде айтарлықтай құнын ұлғайтуға қандай себептер ықпал  етуі мүмкін деген сұрақ туындайды. Шыныменде, 10% -90%ға қарағанда 2,5 есе қымбат па?

Біз ең жоғары халықаралық деңгейдегі Азия ойындары мен Бүкіләлемдік Универсиада сияқты спорттық форумдарын сәтті өткізген Сіздің Министрліктің және басқа да мемлекеттік органдардың спорттық инфраструктураны дамытуға арналған жұмыстарына үлкен құрметпен қараймыз. Сонымен қатар, біз спорттық нысандар бүкіл елге қажет екеніне сенімдіміз, себебі ол ұлт болашағының кепілі.

Бірақ аталған комплекс бойынша түсінбестік жағдайлар туындап тұр. Егер, 2016 жылдың 23 ақпанында Сіз айтқандай, мәселе тек трамплин құрылысында болса, және дәл соған 30 жаңа мектеп немесе аурухана салуға болатын қаражат кететін болса, мүмкін трамплинді жобадан жай ғана алып тастау керек шығар?

Щучинск әрқашан біздің спортшыларымызды шаңғы жарысынан дайындайтын  орталықтардың бірі болды. Бірақ тау шаңғысы мен трамплиндерге өзге ландшафт пен өзге климаттық жағдайлар керек. 

Осылайша, мамандардың пайымдауынша, оқу-жаттығулар мен жарыстар  -10, -15 градустан төмен емес температурада және желдің төмен күші кезінде өтуі керек.

Метеорологиялық қызметтің деректері бойынша Щучинскіде қыста температура жиі -20, -25 градусқа төмен түседі және де қатты жел екпіні бар.   

Сонымен қатар, мемлекет осындай шығынға барып отырған трамплиннен  «ұшатын щаңғышылар» деп аталатын кәсіби секірушілердің саны республика бойынша белгісіз.

Бір секірушіге осы 23 млрд.теңгені қайта санап шығу және Қазақстанға олимпиадиа медальдарын алып келетін бокс, күрес, жүзу, жеңіл атлетика, шаңғы жарыстары, мәнерлеп сырғанау сияқты өзге спорт түрлеріне кететін мемлекеттік шығындармен салыстыру орынды болар еді. 

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден:

1.   Еліміздегі кәсіби «ұшатын шаңғышылардың» саны туралы ақпарат беруді;

2.  Пайдаланылған қаражаттың тиімділігін  және одан кейінгі шығындардың мақсаттылығын тексеруді, сондай-ақ аталған жобадан трамплин құрылысын алып тастауды сұраймыз.

 

Құрметпен,
             «Ақ жол» фракция депутаттары