25
Желтоқсан

Санат жоқ 25.12.2017

«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің 2017 жылдың 23 желтоқсанында өткен «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің Пленумында партияның Алаш ұлт азаттық қозғалысының 100 жылдығына орай атқарған жұмыстары жөніндегі сөйлеген сөзі

Құрметті әріптестер!

Құрметті қонақтар!

Алаш тақырыбына қатысты биылғы, әсіресе, қыркүйек-желтоқсан айларындағы, жұмысымыздың негізіне Алаш ұлттық-территориялық автономиясының, Алашорда үкіметінің, Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар алынды. Егер естеріңізде болса, мен тіпті биыл емес, былтыр - 2016 жылдың қараша айында «Ақ жолдың» парламенттік фракциясының атынан Премьер-министр Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, осы қазақ елінің ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы елеулі кезеңді лайықты атап өту, қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, іске асыруды ұсынған болатынмын. Нәтижесінде республиканың барлық аймақтарында Алашқа арналған конференциялар өтіп, Алаш астанасы болған Семейде Әлихан Бөкейханға ескерткіш тұрғызылды. Астана қаласында үлкен даңғылға Алаш көсемінің аты берілді. Басқа да қалалардағы біраз көшелер, мектептер Алаш қайраткерлерінің есімдерін иеленді. Қазақстан Ұлттық арнасында деректі және көркем фильмдер түсіріліп, көрсетілді. Аталмыш датаны айқайлатпай, той ретінде емес, жұмыс ретінде мазмұнды атап өтуіміз орынды болды. Мен 13 желтоқсан күні, Парламент Мәжілісі мінберінен, осыған атсалысқан Мәдениет министрлігі мен әкімшіліктерге, қоғамдық ұйымдарға ризашылығымызды білдіріп, барша жұртты халқымыздың азаттығы үшін күрескен Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтадым! Сондай-ақ, Алашты ұлықтау бір ғана 100 жылдықпен шектелмеу керек екендігін айттым. Осыдан сәл бұрын осындай пікірді «Ақ жол» фракциясы өзінің депутаттық сауалында білдіріп, республика бойынша Алаштың бас ақыны атанған Мағжан оқуларын өткізудің қажеттігін атап көрсеткен. Бірден айта кетейін, оған күні кеше ғана Мәдениет министрінің оң жауабын алдық. Ол бойынша Мағжан оқуларымен қатар Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы мен өміріне арналған басқа да іс-шаралар еліміздің көптеген аймақтарында өткізіліп, ал Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «Мағжан көктемі» Республикалық өнер фестивалін, Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған ғылыми жобалар байқауын өткізуді жоспарлап отыр.

Енді Орталық кеңес мүшелеріне, партия активіне Алаш идеялары туралы әлемдік мінберден айтудың сәті түскен тағы бір жағымды жаңалықты айтқым келеді. Жақында, осы желтоқсан айының басында Қытай астанасы Бейжіңде әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының үлкен Форумы болып өтті. 120 елден 600-ден астам делегат қатысқан дүбірлі жиында мен қазақ тілінде бастап, аудармашы жоқ болғандықтан, ағылшын тілінде баяндама жасадым. Сонда бүкіл әлемнен жиналған бетке ұстар азаматтарға Алаш туралы аз болса да ақпарат берсем жөн болар деп шештім.  Алашты Орталық Азияның ішіндегі алғашқы саяси партия және 20-шы ғасырдың алғашқы  ұлттық автономиясы ретінде көрсеттім. Форумға қатысушыларды Алаштың 100 жылдығымен құттықтадым. Әлихан Бөкейхан туралы да қысқаша айттым. Дүние жүзінің әр түкпірінен келген саясаткерлер бұл сөзді жақсы қабылдап, қол шапалақтап, қолдады. Жиынның спикері, АҚШ республикалық партиясының өкілі, тағы басқалар тақырыпқа қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Менің мұны айтып отырған себебім, жалпы Алаш идеяларын ел ішінде ғана емес, сыртта да таратудың жолдарын  қарастырғанымыз жөн сияқты. Егер біз өзімізді Алаш ұстанымдарын жалғастырушылармыз деп есептесек, онда Алашты ардақтаудың мүмкіндіктерін қай жерде болсын қалт жібермегеніміз абзал.

Алматыда өткен Алаш қозғалысының 100 жылдық мерекесіне арналған, Қазыбек Иса мұрындық болған, «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ Елі» халықаралық мүшәйрада алыс-жақыннан жыр додасына қатысқан  Алаш құндылықтарын ардақтап, Алаш қайраткерлерінің Қазақ тарихында қалдырған ізін зор шабытпен жырлады. Сәбит Байдалының бастамасымен Қазақ даласының қастерлі бір пұшпағы, қазақ елінің қасиетті өлкесі – Ұлытауда «Ұлт ұжданы – Ұлытаудың қазақ елін рухани жаңғыртудағы рөлі мен орны» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да ойдағыдай өтті. Бұл шараның мақсаты - ұлтымыздың ұясы атанған Ұлытау өңірінің ежелгі тарихы, ондағы аса құнды тарихи-мәдени мұралар – жәдігерлер кешені, бүгінгі егеменді еліміздің игілігіне қызмет етсе деген игі тілектен туындады. Онда елімізге аты танымал көптеген ғалымдар  Алаш тарихы, сондай-ақ, өңір тарихы жайында тағылымды баяндамалар жасады. 2017 жылдың 13 желтоқсанында «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлесіп өткізген «Алаш және Алашорда: Тағылым мен Тәуелсіздік сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясының да танымдық мәні зор болды. Партиямыздың Маңғыстау филиалы Алаш қайраткері Жалау Мыңбаев туралы әсерлі іс-шаралар ұйымдастырды, ал филиалдың жастар қанаты Алаш қайраткерлері туралы сахналық қойылымдар қойып, ол көптің ықыласына бөленуде. Басқа да өңірлерде Алашқа қатысты жұмыстар жүргізілді.

Біз осыдан 5 жыл бұрын ЕҰУ-нің ғалымдарымен бірлесіп, Алаштың 95 жылдығына арнап, республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізгеннен бастап, Алаш қайраткерлерінің идеяларын насихаттап, көпке тарату бағытын темірқазық етіп алып, Алаш аманатына адалдық таныту жолынан айныған емеспіз. Сол конференцияда жыл сайын өткізіп тұрамыз деп уәде берген «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық ғылыми байқауы биыл 5-ші рет өткізілді. Ғылым жолына түскен жастарды қолдауға бағытталған жаңашыл бастама қазірдің өзінде «Ақ жолдың» мегажобасына айналып, өзін ақтады. Бес жылда қаншама жас ғалымның есімі анықталып, ғылыми ортаға танылды. Биыл да «Алаштың Ақ жолы» байқауының лауреаты» төсбелгісі, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тағайындалған ақшалай сыйлықтар лайықты егелерін тапты.  «Ақ жол» тұсауын кескен жас ғалымдар ғылым мен әдебиет, мәдениет саласында табыстарға қол жеткізіп, көпке танылуда. Олар қазір еліміздегі маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, түрлі басылымдарда жемісті еңбек етуде. Олардың біразы мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталып та үлгерді.

Елбасымыздың қазіргі заманның күн тәртібіне қойған рухани жаңғыру дегенімізге, менімше, Алаш қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын, ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу және оны көпшілікке, әсіресе, жас ұрпаққа тарату да кіреді. Біз дәл осы бағытты идеологиямыздың өзегі ретінде алдық. Біз Алаш жөнінде арнайы бағдарлама қабылдаған бірден-бір партиямыз және оны, қолдан келгенше, іске де асырып жатырмыз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысымызды табандылықпен жүйелі түрде жалғастыра береміз.