11
Қантар

Санат жоқ 11.01.2018

«Ақжолдықтар» Көкшетауда адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету мәселелері бойынша пікірталас өткізді

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2018 жылдың 11 қаңтары
Көкшетау қаласында «Қазақстан Республикасындағы адвокаттық  қызмет және заң көмегін көрсету мәселелері бойынша бірқатар заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтіп,  бұл басқосуға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары,  Парламенттегі «Ақ жол»  ҚДП фракциясының мүшелері Меруерт Қазбекова,  Берік Дүйсенбинов және Кеңес Абсатиров қатысты.

 
Алдымен Меруерт Қазбекова қысқаша хабарлама жасады. Одан әрі Берік Дүйсенбинов күн тәртібінде қаралып отырған мәселенің өміршеңдігіне тоқталды. Жаңа заң жобасы аясында нотариустар мәртебесі кеңінен талқыланды. Парламент депутаттары  жергілікті жердегі нотариустардың өз ауыздарынан  заңға орай ұсыныстарын білуге талпынды. Ақмола облысының аумақтық нотариалдық палатасының төрайымы Гүлжан Кубитаева жаңа заң жобасының әр бабы бойынша зерделей келіп,  кей баптарға өз ұсыныстарын жеткізді. Заң шығарушы органның өкілдері бұл ұсыныстардың бірімен келісіп,  екіншісіне өз уәждерін айтты. Осылай екі жақты түсіністікте  өткен шара барысында  нотариустар мәртебесі туралы заңды жетілдіру аса қажет екені назарға алынды. «Ақ жол» партиясы осындай заң жобаларын қараған кезде белсенділік танытады. Себебі,  олар заң жобасын қараудан бұрын жергілікті жерде мәселеге қанығады. Бұл шара осыған айқын мысал бола алады.