Отандық IT өнімдерді квазимемлекеттік органдар неліктен пайдаланбайды? Бүгін бұл сұрақ Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясы өкілдерінің кәсіпкерлермен кездесуінде талқыланды. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев отандық бизнесті алаңдатқан күрмеулі мәселелерге кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар ақпараттық қауіпсіздікке арналған бағдарламаларды шетелден сатып алады. Яғни олардың дәлме-дәл баламасы отандық компанияларда бар болса да, сыртқы нарық өнімдеріне зор басымдық беріліп келеді. Соның салдарынан қарым-қабілеті мол жергілікті мамандар шетел асып, өз білгенін өзге мемлекеттің қажеттілігі үшін жаратып жүр. Мәжіліс депутаты еліміздің киберқауіпсіздігі әлсіз екенін де алға тартып, олқылықтың орнын толтыру керектігін атап өтті.
Айтпақшы, бүгіннен бастап Мәжіліс депутаттары барлық өңірдегі шалғай ауылдарды аралап, халықпен жүздесуге жол тартты. Сапар барысында олар өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарды да аралайды. Сондай-ақ депутаттар азаматтарға заңшығарушылық қызмет пен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.