«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі. 2018 жыл. 1 ақпан
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасына тарихшы ғалымдар және студент-магистранттармен кездесу өтті. Онда Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті Тарих кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Сергей Любичанковский мен осы кафедра доценті Татьяна Тугай, Орынбордағы «Бәйтерек» қайрымдылық қорының жетекшісі Сауле Совхозовна, «Ақ жол» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова, төраға орынбасары Ерлан Ақжолов қатысты. Кездесудің басты мақсаты «Оренбургский путь Ахмета Байтурсунова» атты кітаптың тұсау кесері болды. Ғалымдар А.Байтұрсынов пен жалпы Алаш зиялыларының қызметі туралы өз ойларын ортаға салды.
Айта кететін жәйт, тұсаукесерге «Ақ жол» партиясының өкілдерінің қатысуы кездейсоқ емес. Көп жағдайда «Ақ жол» ҚДП өзінің партиялық қызметінде Алаш зиялылары мен партиясының ұстанған ұстанымдарын өзіне үлгі тұтады. Және «Ақжолдықтар» әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ тарих, археология және этнология факультеті тарихшыларымен үнемі етене тығыз байланыста жүреді. Мысалы, «Ақ жол» ҚДП бастамасымен университетте «Алаштану» орталығы ашылып сәтті жұмыс істеуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай төс белгі шығарып, белді-белді тарихшы ғалымдарды марапаттады. Былтыр көктемде олар университеттпен бірлесіп Алаш қозғалысының 100-жылдығына арналған конференция ұйымдастыруға ат салысты.
Кездесу соңында университет ғалымдары бұл тұсаукесердің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихшылары мен Орынбор ғалымдарының арасында ғылыми және мәдениетаралық тығыз байланыстар орнатуға бастама болғанын атап, алдағы уақытта тарихқа қатысты бірсыпыра мәселелерді пікір алмаса отырып шешетінін және бірлескен жоба жасауға дайын екенін айтты.