«Ақ жол» өзінің сайлауалды бағдарламасын әр сайлаушыға жеткізетін «Почта жәшігі» атты акциясын бастады
2016 жыл 2 наурыз, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Бүгіннен бастап «Ақ жол» партиясының Республикалық сайлауалды штабы «Пошта жәшігі» атты акциясын бастады. Партия белсенділері мен волонтерлар тұрғын үйлерді аралап, қазақстандықтардың пошта жәшігіне партияның үгіт-насихат кітапшасын салып шығады.
«Партияның үгіт-насихат жұмыстары ең қызған шақ. Сайлауалды штабтың мүшелері барлық аймақтарда түрлі шаралар өткізіп, еңбек ұжымдарымен, жоғарғы оқу орындарымен кездесулер ұйымдастыруда. Партияның Қоғамдық қабылдаулары да жұмыс істеуде, - деп атап көрсетті «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі Төралқа мүшесі, Мәжілістің V шақырылымының депутаты Талғат Ерғалиев, - Кез келген үгіт-насихат науқанының мақсаты – мейілінше көп сайлаушыларды жинау. Сондықтан біз бұл акцияны «Ақ жол – еңбек етер кез келді» сайлауалды бағдарламамыздың негізгі бағыттарын барлық сайлаушыларға жеткізу мақсатында өткізіп отырмыз».
Сайлауалды штаб мүшесі, Мәжіліс депутаттығына үміткер, Астана қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов «Ақ жол» партиясының орталық кеңсесінде бейнеконференция өткізіп, акцияның барлық аймақтық филиалдарда басталғанын хабарлады.
«Пошта жәшігі» акциясы Астана филиалы қала іргесіндегі «Лесная поляна», Қосшы мекендерінен басталып, сосын ол республиканың барлық өңірлерінде жалғасады. Арнайы үгіт-насихат кітапшасында партияның негізгі сайлауалды бағдарламасы қысқаша түрде мемлекеттік және орыс тілінде берілген. Жастардан құралған үгіт-насихат тобы партияның үгіт парақшасын тұрғын үйлерді аралап, әрбір қазақстандық сайлаушыларға жеткізіп отырады», - деді А.Смағұлов.